ҚР Премьер-Министрі А. Мамин Нұр-Сұлтан қаласында карантин режимін қамтамасыз ету жұмыстарын тексерді 

2020 жылғы 19 наурызда ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия төрағасы – ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Нұр-Сұлтан қаласында карантин режимін қамтамасыз ету жұмыстарын тексерді. 

Нұр-Сұлтан қаласынан шыға берістегі «Нұр-Сұлтан – Петропавл» автожолы бойындағы №2 бақылау-өткізу бекетін аралау кезінде Үкімет басшысына елорданың карантинге жабылуы кезіндегі ішкі істер қызметкерлерінің, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және Қарулы Күштердің әскери қызметкерлерінің бекеттегі қызметі туралы баяндалды. 

А. Мамин қажет болған жағдайда стационарлық карантинді қамтамасыз ету үшін қалалық инфрақұрылым нысандарын қайта жарақтау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар барысымен танысты. 

Үкімет басшысы елорда әкімдігінің, полиция және денсаулық сақтау қызметкерлері мен Қарулы Күштердің әскери қызметкерлерінің карантин режимі жағдайында үйлесімді жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды. 

Тексеру сапарына Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А. Көлгінов, денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, ішкі істер министрі Е. Тұрғымбаев және қорғаныс министрі Н. Ермекбаев қатысты.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу