ҚР Премьер-Министрі А. Мамин цифрлық экономика мен инновацияларды дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен цифрлық экономика мен инновацияларды дамыту мәселелері жөнінде кеңес өтті.

2019 жылы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру қорытындылары, сондай-ақ еліміздің ғылыми-техникалық және инновациялық дамуы мәселелері туралы ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі А. Жұмағалиев баяндады.

2018-2019 жылдары цифрландыру бойынша жүзеге асырылған іс-шаралар 714,3 млрд теңге көлемінде экономикалық тиімділік әкелді (2019 жылы — 496,1 млрд теңге, 2018 жылы — 218,2 млрд теңге), инновациялық экожүйеге 32,8 млрд теңге тартылды және 50 мың жұмыс орны құрылды.

2019 жылы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 18,7 млрд теңге және жергілікті бюджеттен 993 млн теңге бөлінді, компаниялар мен ұйымдар өз қаражаттарынан 9 млрд теңгеден астам инвестиция салды. 

Тұрғындардың цифрлық сауаттылық деңгейі 79,6%-ға жетті. Интернет желісіне кең жолақты қолжетімділікпен (КЖҚ) 250 және одан да көп халқы бар 117 қала мен 3324 ауыл қамтамасыз етілген. 

Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру қағаз түріндегі құжат айналымын 70,8 млн құжатқа қысқартуға мүмкіндік жасады және 8,4 млрд теңгеден астам қаржатты үнемдеуге мүмкіндік берді. Қаржы саласын, салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландырудан тиімділік 361 млрд теңгені құрады.

2019 жылы отандық стартап жобаларға 18,8 млрд теңге инвестиция тартылды, «Astana Hub» базасында 91 стартап жоба іске қосылды. 

Кеңеске қатысушылар инновациялық ортаны дамыту үшін басымдықты кластерлерді, технологиялық кәсіпкерлікті, венчурлық капитал нарығын институционалдық дамытуды қолдау шараларын, сондай-ақ ғылыми-техникалық қызметті коммерцияландыру деңгейін арттыруды талқылады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу