ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Біліктілік жөніндегі ұлттық кеңес отырысын өткізді

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Біліктілік жөніндегі ұлттық кеңестің кеңейтілген отырысында кәсіптік стандарттарды әзірлеу мәселелері қаралды.  

Біліктіліктердің салалық негіздемелері мен кәсіптік стандарттарды әзірлеу нәтижелері туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Нұрымбетов, білім беру бағдарламалары мен типтік оқу жоспарларын әзірлеу туралы - білім және ғылым министрі А. Аймағамбетов, кәсіптік стандарттарды бекіту туралы «Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары О. Ордабаев, нақты өндірісте білім беру бағдарламаларын енгізу туралы Тау-кен өндірісі және тау-кен металлургиясы кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры Н. Радостовец және Еуразиялық топ басқарма төрағасы С. Шахажанов, кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарында кәсіптік стандарттардың енгізілуі туралы Хромтау тау-кен техникалық колледжінің директоры Б. Молдашева, Жаңа кәсіптер атласы әдістемесі туралы «BTC-digital» ЖШС білім орталығының басшысы С. Нұрбек баяндады.

Қазіргі кезде Ұлттық біліктіліктер негіздемесі қабылданды, 36 салалық біліктілік негіздемесі бекітілді, Қазақстанда 2025 жылға дейін Ұлттық біліктілік жүйесін енгізу жөніндегі Жол картасы әзірленді. 2020 жылы басымдықты салалар бойынша сертификаттау  және біліктіліктерді мойындау жүйесін апробациялау жоспарланған. 

«Кәсіптік стандарттарды әзірлеу жұмыстарын біз Тұңғыш Президент - Елбасы Н. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 2012 жылы бастадық. Бүгінгі таңда 480 кәсіптік стандарт әзірленген. Олар 2,7 мыңнан аса кәсіпті қамтиды. Бізге қазіргі заманғы сын-тегеуріндер мен еңбек нарығындағы жылдам өзгерістерге сай келетін кәсіптік стандарттар мен білім беру бағдарламалары қажет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев биыл 17 мамырда өткен жұмыспен қамту және еңбек мәселелері жөніндегі кеңесте айтқан болатын», - деді А. Мамин.

Премьер-Министр Мемлекет басшысы 2020 жылдың наурыз айының соңына дейін Жаңа кәсіптер атласын әзірлеу бойынша жұмыстарды аяқтауды тапсырғанын атап өтті,  соның негізінде еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкес кадрлар даярланатын болады. 

«Төртінші өнеркәсіптік революция жаңа кәсіптер мен құзыреттердің туындауына түрткі болды. Біз бұған әзір болуымыз керек. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар әлеуметтік әріптестіктің барлық тарапының - мемлекеттің, бизнестің, кәсіподақтардың үйлестірілген іс-қимылын талап етеді», - деді А. Мамин.

Премьер-Министр «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына кәсіптік стандарттарды бекітуді жылдамдамтуды және Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп білім беру стандарттарын өзектендіруді қамтамасыз етуді тапсырды. 

«Бұдан әрі жаңа кәсіптік стандарттарды әзірлеу бастамасы мен тапсырысы нақты өндірістің қажеттіліктерінен түсуі тиіс. Жұмыс берушінің өзі өзіне қандай дағдылары бар қандай маман керек екенін анықтауы керек», - деді А. Мамин.

Үкімет басшысы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, білім және ғылым министрліктеріне «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп еңбек нарығындағы жаһандық өзгерістерді ескерумен сұранысқа ие кадрларға тұрақты мониторинг жүргізуді тапсырды. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу