ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жұмыс сапарымен Шымкент пен Түркістан қалаларында болды

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шымкент қаласын және Түркістан қаласын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау бойынша өңірге жұмыс сапарымен барды. 

Шымкент қаласында А. Мамин «Бадам» (195-орам) тұрғын үй алабының инженерлік инфрақұрылым жағдайымен танысты, оның электрмен жабдықтау проблемасымен мектеп мұғалімі Гүлназ Әбдірова «Nur Otan» партиясына жүгінген болатын. Биыл 27 қыркүйекте «Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдауында азаматтарды жеке қабылдау барысында Үкімет басшысы Г. Әбдіроваға 195-орам үйлерін электрмен жабдықтау жұмыстарын осы жылдың желтоқсан айында аяқтау қарастырылғанын айтты, су құбыры және газ желілерін салу жобасы бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

Премьер-Министр археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған «Шымкент қалашығын» реставрациялау және музейлендіру жөніндегі «Цитадель» жобасының алаңына барды. Жобаның тарихи құндылығы бар және ол 2020 жылы «Шымкент – ТМД-ның мәдени елордасы» жылын атап өту аясында тартымды туристік нысан болуға арналған. 

Үкімет басшысы Қазақстан нарығымен қатар, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан нарықтарына өнімдерін жеткізетін «Зерде-Керамика» керамогранит өндіру зауытына барды. 

Сонымен қатар, А. Мамин өңірдің тоқыма саласын жандандыру жоспарларымен танысты.

2019 жылдың 8 айында Шымкент қаласында өнеркәсіптік өнім өндірісінің көлемі 359,6 млрд теңгені құрады. Өңдеу өнеркәсібі өндірісі 17,8%-ға, оның ішінде химия өнімдері өндірісі 21%-ға, металлургия –  25,9%-ға, мұнай өнімдері өндірісі 31,5%-ға өсті. Шымкент қаласында жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 67,2 мың бірлікке жетті немесе 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 114,5% құрайды.
 
Үкімет басшысына өткізу қабілеті сағатына 400 жолаушыны құрайтын Шымкент қаласы әуежайының жаңа терминалының жобасы таныстырылды, оны 2020 жылғы қазанға қарай аяқтау көзделген.
 
Премьер-Министр Түркістан қаласын жаңғыртудың 1-кезеңі аясындағы жұмыстар барысын тексерді, оның ішінде әкімшілік, әлеуметтік және тарихи-мәдени маңызы бар нысандар: әкімдік, басқармалар және департаменттер ғимараттарының, медиа орталықтың, «Нұр-Сұлтан» алаңының, Олимпиадалық резервтегі спорт мектебінің, Халыққа қызмет көрсету орталығының, музыка мектебінің, аттракциондары бар қала саябағының, неке қию сарайының, визит-орталықтың, Шығыс моншасының, амфитеатр мен қалалық Арбаттың құрылысын тексерді.  

 

А. Мамин Түркістан облысының әкімі Ө. Шөкеевпен және Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М. Мырзағалиевпен бірге Н. Оңдасынов атындағы аллеяға ағаш отырғызып, көшет отырғызу бойынша республикалық акцияны бастады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу