ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Еуропа және Азия парламенттері спикерлерінің IV кеңесінің қатысушыларымен кездесті

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Нұр-Сұлтан қаласына «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік» Еуропа және Азия елдерінің парламенттері спикерлерінің IV кеңесіне қатысуға келген Черногория, Словакия, Солтүстік Македония, Молдова, Оман, Катар және Непал парламенттерінің спикерлерімен екіжақты келіссөздер жүргізді.

Черногория Скупщинасының Президенті И. Брайовичпен, Солтүстік Македония Ассамблеясының төрағасы Т. Джаферимен және Словакияның Ұлттық кеңесінің төрағасы А. Данкомен кездесулерде туристік, ауыл шаруашылығы, көлік салаларында ынтымақтастықты дамыту, соның ішінде бірлескен өндірістер құру және Балқан түбегі мен Орталық Еуропа елдерінің Қазақстанның транзиттік және көліктік әлеуетін Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінің нарықтарына шығу үшін пайдалануын кеңейту арқылы дамыту мәселелері талқыланды.

Оман сұлтанатының консультативтік кеңесінің төрағасы Х. Х. Нассер Әл-Мауалимен және Катар мемлекетінің консультативтік кеңесінің төрағасы Ахмад Бен Абдалла Бен Заид Әл-Махмұдпен әңгімелесу барысында мұнай-газ, тау-кен металлургия және туризм салаларындағы инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың үлкен әлеуетінің бар екені атап өтілді.

Непал Парламенті өкілдері палатасының спикері Кришна Бахадур Махарамен өткен келіссөздерде Шымкент қаласында туристік кластерді дамыту бойынша «CG Corp Global» конгломератының инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жағдайы мен перспективалары талқыланды.

Молдова Парламентінің төрағасы З. Гречаныймен өткен кездесуде екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастыққа серпін беру қажеттігі, оның ішінде Үкіметаралық комиссияның жұмысын жандандыру және Қазақстан мен Молдова кәсіпкерлері үшін бизнес-форум ұйымдастыру арқылы қол жеткізу атап өтілді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу