ҚР Премьер-Министрі жұмыспен қамтуды ынталандыру бойынша бірқатар тапсырма берді

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қазақстан Үкіметінің отырысында кәсіпкерлікті ынталандыру мен еліміздегі жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырма берді. 

«Елбасы еңбекпен қамту аясында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларын жүзеге асыру тиімділігін атап өтті. Бизнесті қолдау тетіктерін жетілдіру мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің тетіктерін белсенді пайдалануды әрі қарай жетілдіру мақсаты қойылды», – деп атап өтті Б.Сағынтаев.

Осыған байланысты Премьер-Министр Ұлттық экономика министрлігі мен Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне тиісті мемлекеттік органдармен аталған бағдарламалар шеңберінде жұмыспен қамтуды ынталандыру шараларын кеңейту бойынша ұсыныстарды қарастырып, ұсынуды тапсырды. 

Сонымен қатар, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне әкімдермен бірге азаматтардың еңбекке жұмылдырылуын қамтамасыз ету бойынша қосымша шараларды пысықтап, сонымен қатар өз-өзін жұмыспен қамтығандарды шағын бизнес дәрежесіне ауыстыруды қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар әзірлеп, енгізуді тапсырды. 

«Білім және ғылым министрлігі «Барлығына арналған тегін кәсіби-техникалық білім беру» жобасын жүзеге асыру бойынша шараларды белгіленген мерзімде қабылдасын. Ұлттық экономика министрлігі әкімдермен бірлесіп мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін белсенді пайдалану бойынша шараларды қабылдасын», – деді Б. Сағынтаев.

ҚР Премьер-Министрі барлық мемлекеттік органдарға ведомство құрамындағы ұйымдарда инвентаризацияны қайта жүргізуді жүктеді. 

«Кеңейтілген отырыста Елбасы бүгінгі күні 11 министрлік құрамында 371 ұйым бар екенін айтты. Осынша ұйым бізге қаншалықты қажет? Солардың әкімшілік шығындарына ғана өткен жылы шамамен 119 млрд теңге жұмсалды. Бұл орталық мемлекеттік органдар бойынша есептелген шығындар ғана, ал әкімдіктердің меншігінде 6,5 мың ұйым бар. Қаржы және Ұлттық экономика министрліктеріне инвентаризация кезінде жауапкершілік танытып, қай ұйым керек, қай ұйымды коммерциялық ортаға тапсыру керек екенін анықтауды тапсырамын. Облыс әкімдері өз өңірлерінде осындай жұмысты атқаруы тиіс», – деп түйді Б. Сағынтаев.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-ботқа жазылыңыз

Жазылу