ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Қазақстан мен Жапонияның үкіметаралық комиссиясының отырысына қатысты
Бүгін Астанада Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Қазақстан мен Жапония арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның 5-ші отырысына қатысты.
Өзінің құттықтау сөзінде К.Мәсімов 10-жылдық келіссөздер нәтижесінде Қазақстан мен Жапония Үкіметтері инвеситицияларды өзара қорғау туралы Келісімге қол қоятынын атап өтті.
«Бұл – екі ел үшін де маңызды оқиға. Аталған Келісім еліміздегі жапондық компанияларға инвестициялардың қауіпсіздігі кепілдігін береді», - деп басып айтты К.Мәсімов.
Сондай-ақ Үкімет басшысы ағымдағы жылы Қазақстанда шетелдік инвесторларға қосымша мүмкіндіктер, оның ішінде салықтық жеңілдіктер беретін Заң қабылданғанын еске салып өтті.
«Екі елдің экономикасы бір-бірін толықтырып тұр. Жапония ең озық технологияларға ие, ал Қазақстан табиғи ресурстарға бай әрі халқы еңбекқор. Бұл өзара қарым-қатынасымызды дамытуға негіз бар деп есептеймін», - деп толықтырды ҚР Үкіметі басшысы.
Ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарының ішінде К.Мәсімов автомобиль құрастыру, атом өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және ғарыштық саланы атап өтті.
Үкіметаралық комиссия жұмысына Жапониядан келген бизнес-делегация, оның ішінде «Mitsubishi Corporation», «Toshiba Corporation», «Toyota Tsusho Corporation», «The Japan Atomic Company», «Marubeni Corporation» ірі компаниялары өкілдері және басқалары қатысты.
Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз