ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімов мемлекеттік органдарға Ұлттық банкпен бірге жария ету бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды
Бүгін Үкімет Үйінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов селекторлық режимде ҚР Үкіметінің кезекті отырысын өткізді, оның барысында мүлікті жария ету бойынша науқан өткізу туралы мәселе қаралды.
Өз сөзінде ҚР қаржы министрі Бақыт Сұлтанов өткен жылдың қараша айында заңнама енгізіліп, «аталған науқанға қоғам сенімін шектеген» жария ету шаттары жойылғанын баса айтты.
«Жаңа түзетулердің бірі – банк шоттарынан жария етілген ақшаны мерзімінен бұрын алу кезінде жария етуге 10% алым алып тасталды. Сонымен қатар, аталған норманың кері күші бар. Яғни, осы алымды төлегендердің бәрі өз ақшаларын бюджеттен қайтарып ала алады. Алайда, азаматтар әзірге бұл қаражатты қайтарып алуға асықпай отыр. Жалпы, республика бойынша бұл 3,1 млрд. теңге», - деп мәлімдеді Б.Сұлтанов.
Министрдің айтуынша, «ескі» жағдайларда, яғни 2015 жылдың 1 желтоқсанына дейін 428 млрд. теңге жария етілді. «Жаңа» жағдайларда қарқындарда ілгерілеу бар. Тек желтоқсан мен қаңтар айларында 160 млрд. теңге немесе науқанның өткен 15 айында жария етілгеннің үштен бір бөлігі жария етілді. Оның ішінде мүлікпен жария етілгені – 109 млрд. теңге. Осы кезеңде банктерде қосымша 41 шот ашылып, оларға 51 млрд. теңге аударылған. Осылайша, жария етілген ақшаның өсу қарқыны 2015 жылдың 1 желтоқсанымен салыстырғанда 61% құрады.
«Ағымдағы жылдың қаңтар айының соңына барлығы 588 млрд. теңгенің активтері жария етілді. Бүгінде бұл сома 600 млрд. теңгеден асты, ал азаматтардың екінші деңгейлі банктердегі шоттарға аударған қаражат сомасы 150 млрд. теңгеден асты. Бұл - өңделген өтініштер, олар бойынша шешімдер қабылданды. Бұдан өзге, шамамен 300 млрд теңге сомаға мүлік бойынша 30 мыңға жуық өтініш өңделуде жатыр. Яғни, науқанға қызығушылық пен әлеует зор», - деп мәлімдеді Қаржы министрлігінің басшысы.
Аталған науқан аясында Қаржы министрлігі әкімдіктермен бірге белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Осылайша, тек соңғы төрт айдың өзінде 700-ге жуық мақала жарияланды; шамамен 1 500 телесюжет, сұхбаттар көрсетілді; 1 600-ге жуық «дөңгелек үстелдер», семинарлар өткізілді.
Сонымен қатар, талдау барысында ведомство бірқатар мәселелерді анықтады. Олардың ішінде, комиссиялардың өтініштерді қарау мерзімдерін арттыру, заңнамалық түрде бекітілмеген қосымша құжаттарды талап ету, бірқатар өңірлердің жергілікті атқарушы органдары мен банктер тарапынан әлсіз насихаттау және түсіндіру жұмыстары.
Осыған байланысты Б.Сұлтанов облыс әкімдіктері мен екінші деңгейлі банктерді ақпараттық жұмысты жандандырып, заңнаманың бұзылмауын мұқият қадағалауға шақырды.
«Министрлік желісі бойынша 2017 жылдан бастап жалпыға бірдей декларациялауды енгізу бойынша міндет тұр. Біз ФАТФ (Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобы) аясында мемлекеттермен қазақстандықтардың шетелдегі есепшоттары мен мүліктері туралы ақпарат алмасу бойынша екі жақты және көп жақты байланыстарды ретке келтіріп жатырмыз. Ағымдағы жылы бақылау жүйесі реттеледі. Сонымен қатар, біз қазыналық органдардың тексеруінен кейін санкцияға ілікпес үшін қазір науқан жүріп жатқанда жария еткен дұрыс деп түсіндіріп жатырмыз», - деп түйіндеді Б.Сұлтанов.
Сондай-ақ, аталған мәселе бойынша ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов және бірқатар облыстардың әкімдері сөз сөйледі.
Отырыс қорытындысы бойынша Үкімет басшысы К.Мәсімов Қаржы министрлігіне, облыстар, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктеріне Ұлттық банкпен бірге жария ету туралы заңның жаңа нормаларын, оның ішінде БАҚ арқылы түсіндіру жұмысын күшейтуді тапсырды.
«Бұл жұмыстарды үйлестіру Б.Сұлтановқа жүктеледі, айына бір мәрте осы мәселеге орай Үкімет отырысын өткіземіз», - деп түйіндеді К.Мәсімов.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз