ҚР Премьер-Министрі ЭКСПО – 2017-ні баламалы энергия көздері есебінен энергиямен қамтамасыз ету мәселесін шешуді тапсырды

ҚР Премьер-Министрі Астанада өтетін  ЭКСПО – 2017 көрмесін  баламалы энергия көздері есебінен энергиямен қамтамасыз ету мәселесін шешуді тапсырды.

                        

«ЭКСПО 2017 дайындық барысында көрме нысандарын баламалы энергия көздері (БЭК) есебінен  қамтамасыз ету қарастырылсын. Оның амалдары бар екенін біз қазірдің өзінде көріп отырмыз, 2014 жылға қарай  Астананың маңайында ғана емес,  Астананың өзінде де көптеген қызықты жобалар болады деп ойлаймын», - деді С.Ахметов бүгін Үкімет отырысында.

Аталған міндетті жүзеге асыру мақсатында, Премьер-Министр Қоршаған ортаны қорғау министрлігі мен Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне жаңартылатын энергетиканы дамыту жөнінде үйлестірілген жұмыстарды бірлесіп жүргізуді және оны бақылауға алуды тапсырды.

«Үстіміздегі жылғы қаңтар айында Үкімет Қазақстанда баламалы жаңартылатын энергетиканы дамытудың 2020 жылға дейінгі жоспарын бекітті. Бәріміз осы жоспардың жүзеге асырылуын бақылауға алуымыз қажет», - деп атап өтті С.Ахметов.

Сонымен қатар, Үкімет басшысы бірінші жартыжылдықтың соңына дейін жаңартылатын энерги көздері туралы заңға енгізілетін түзетулерді қабылдауды аяқтауды тапсырды.

«Заң жобасы мен барлық нормативтік-процедуралық актілер қабылданғаннан кейін өңірлерге, облыс әкімдеріне аталған саясатты жүзеге асыру жөнінде үлкен жұмыстар жүктеледі. Исекешев пен Қаппаров  бірінші жартыжылдықтың соңына дейін басқа да мүдделі органдармен бірлесіп БЭК туралы заңға енгізілетін түзетуларді қабылдауды аяқтаулары қажет», - деп тапсырды  Премьер-Министр.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу