ҚР Премьер-Министрі Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысына қатысты

Қазақстанның Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов сәрсенбі күні Мәскеуде өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысына қатысты.

Үкіметтер басшылары Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) бірқатар өзекті мәселелері мен оның даму перспективаларын қарады.

Отырыс қорытындысы бойынша баспасөз конференциясында сөз сөйлеген Кәрім Мәсімов ағымдағы жылы Қазақстан ЕАЭО органдарында төрағалық ететінін еске салды.

«Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңес Төрағасы ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ұсынысы бойынша 2016 жыл «Одақтың үшінші елдермен және басты интеграциялық бірлестіктермен экономикалық қатынастарды тереңдету жылы болып жарияланды», - деп атап өтті Кәрім Мәсімов.

ЕЭК Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян хабарлағандай, өткізілген отырыс барысында ЕАЭО-тың Еуропалық одақпен және Қытай Халық Республикасымен ынтымақтастығының нақты шектері белгіленді.

Кездесудің маңызды нәтижесі, Т.Саркисян баса айтып өткендей, Үкіметтер басшыларының жиі кездесіп, ынтымақтастықтың ағымдағы бағыттарын талқылау жайлы келісуі болды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, білдек жасау бойынша Еуразиялық инжинирингтік орталығын құру тұжырымдамасы, еуразиялық технологиялық тұғырнамаларды қалыптастыру және олардың қызметі туралы Ережені бекіту, ЕАЭО мұнай және мұнай өнімдерінің жалпы нарықтарын қалыптастыру Тұжырымдамасы және басқалары туралы шешімдер қабылданды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу