ҚР Премьер-Министрі ҮИИДМБ екінші бесжылдығы тұжырымдамасының жобасын дайындау мәселесі бойынша отырыс өткізді
Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов селекторлық режимде ҚР Үдемелі индустриалдық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығы тұжырымдамасының жобасын дайындау бойынша Басқарушы комитеттің бірінші отырысын өткізді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Тұжырымдаманы 2013 жылдың 1 қарашасына дейін әзірлеу қажет. Премьер-Министрдің орынбасары - ҚР индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев Тұжырымдама жобасын дайындау барысындағы негізгі тәсілдер, міндеттер мен кезеңдер туралы баяндады.
Атап айтқанда, 2010-2014 жылдарға арналған ҮИИД бағдарламасы орындалысының негізгі нәтижелерін бағалау, оны дамытуға ықпал ететін қолданыстағы өндірісті қолдау құралдарын және ғаламдық трендтерді саралау ұсынылады.
Сондай-ақ, индустриалдық-инновациялық дамудың сценарийлерін дайындау, басымдықты салалық секторлар мен кластерлерді іріктеу бойынша кепілдемелерге, өндірістік саясаттың үздік халықаралық тәжірибелерін талдау мәселелеріне баса назар аударылады.
Бұдан басқа, индустриалдық-инновациялық дамудың 2020 жылға міндеттері мен мақсаттарының негізгі сипаттарын анықтау, ҮИИДМБ орындауды басқару тетіктерін, оның нәтижелерін сипаттайтын көрсеткіштер жүйесін дайындау жоспарлануда.
Талқылауды түйіндей келе, С.Ахметов Тұжырымдама жобасын жасау барысында «өткен жылдардағы индустриалдық-инновациялық дамудың бірінші кезеңінің тәжірибелерін есепке алып, халықаралық озық үлгілерді қолдану қажеттігін» атап көрсетті.
«Біздің алдымызға әлемдік экономика тартатын тосын жайларды қаперге алу қажет. Бұл мәселелердің бәрі Тұжырымдаманы қалыптастыру барысында ескерілуі тиіс», - деді С.Ахметов.
Сондай-ақ, Үкімет басшысы облыстар мен Астана және Алматы қалаларының әкімдеріне Тұжырымдама жобасын дайындауға белсене қатысуды тапсырды.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз