ҚР Премьер-Министрі С.Ахметов Қазақстандағы көлеңкелі экономикаға қарсы күрестің аса маңыздылығын атап өтті
Бүгін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов Үкімет отырысын өткізіп, онда 2014 жылға арналған республикалық бюджеттің параметрлері мақұлданып, 2014-2015 жылдарға арналған көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл бойынша Кешенді жоспар жобасы таныстырылды, сондай-ақ көктемгі су тасқынына өңірлердің дайындығы мәселелері қаралды.
Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Е.Досаев хабарлағандай, «республикалық бюджеттің параметрлері Мемлекет басшысының тапсырмаларын мерзімінде жүзеге асыру мақсатында 2014 жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіштер болжамын есепке алып нақтыланды».
ЭБЖМ басшысының мәліметі бойынша, 2014 жылға республикалық бюджетке түсім 6 206,1 млрд. теңге көлемінде немесе бекітілген бюджетпен салыстырғанда 431,7 млрд. теңге өсіммен анықталды. Республикалық бюджеттің кірісі (трансферттер түсімін есептемегенде) 331,7 млрд. теңге өсіммен нақтыланып, 4 360,9 млрд. теңгені құрады.
«Еліміздің нақты ЖІӨ өсімі болжамы бұрынғы 6 пайыздық деңгейде бағалануда. Номиналдық ЖІӨ 2014 жылы 39 623,7 млрд. теңгені құрайды, бұл тамыз айында мақұлданған көрсеткіштен 999,3 млрд. теңгеге артық»,-деді Е.Досаев.
ЭБЖМ басшысы сондай-ақ 2014-2015 жылдарға арналған көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл бойынша Кешенді жоспар жобасын таныстырды.
Министрдің ақпараты бойынша, Үкіметтің актуалдандырылған жоспары 60 іс-шараны қамтиды.
«2014-2015 жылдары көлеңкелі экономикамен күрес жалпы жүйелік сипаттағы мәселелерді, сондай-ақ экономика салаларындағы көлеңкелі өндірістерді қысқарту бойынша шараларды жүзеге асыруды көздейді. Жалпы жүйелік шаралар салықтар мен кедендік төлемдерден жалтарушылармен күреске, қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамытуға, мемлекеттік қаржыларды тиімді басқаруға, бизнес-ортаны және әлемдік тәжірибені есепке ала отырып көлеңкелі экономиканы бағалауды жетілдіруге бағытталды»,-деп атап өтті Е.Досаев.
Сонымен қатар, ЭБЖМ басшысы экономика салаларындағы көлеңкелі өндірісті қысқарту бойынша шаралар мейлінше көлеңкелі экономиканың үлесі жоғары сфераларындағы көлеңкелі айналымды кемітуді қарастырады. «Бұл-сауда, ауыл шаруашылығы, көлік, жылжымайтын мүлік және өнеркәсіп операциялары болып табылады»,-деп нақтылады Е.Досаев.
Отырыс қортындысы бойынша, Премьер-Министр кез келген дамушы ел үшін көлеңкелі экономикамен күрестің аса маңыздылығын, оның үстіне біздің алдымызда дамыған отыз елдің ішіне ену міндеті тұрғанын атап көрсетті. С.Ахметов өкілетті органдарға Кешенді жоспарды жетілдіріп және осы жылғы 13 наурызға дейін Үкіметке келісілген құжат жобасын енгізуді тапсырды.
Өңірлердің су тасқынына дайындығы туралы Төтенше жағдайлар министрі В.Божко баяндады.
ТЖМ мәліметі бойынша, су тасқынына дайындық үшін 87 шақырым жаңа қорғаныс дамбылары салынды, 119 шақырым қолданыстағы бөгеттер жөнделіп, нығайтылды. 92,5 шақырым түбін үңгу жұмыстары жүргізілді. Тұтастай алғанда, республика бойынша су тасқыны науқанына 37 мың тонна жанар-жағар май, 200 мың. тонна инертті материалдар, 700 мың қап және 104 тонна жарғыш құралдар қоры жасалды.
«Құрамында 4,5 мың адам және 800-ден астам техника бар азаматтық қорғаныстың екі полкы, құтқарушы жасақтар, апат медицинасы орталығы күштері мен құралдары жұмылдырылған топтар алдын ала қалыптастырылып, жоғарғы дайындық деңгейіне келтірілді»,- деп хабарлады В.Божко.
Премьер-Министр жергілікті атқарушы органдарға азаматтарды табиғаттың төтен өзгерістерінен қорғау мәселелерін айрықша бақылауға алуды тапсырды.
«Жағдайға мониторинг жүргізу, тұрғындар арасында түсінік жұмыстарын ұйымдастыру қажет және ТЖМ деңгейінде қабылданған барлық шараларды әкімдіктер мерзімінде жүзеге асыруы тиіс»,-деп атап көрсетті С.Ахметов.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз