ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов Қаржы министрлігіне бірқатар тапсырмалар берді

Бүгін Астанада ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов ҚР қаржы министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісіне қатысты. Онда министрліктің 2012 жылғы жұмысының қортындысы және ағымдағы жылдың міндеттері туралы ведмоство басшысы Болат Жәмішев баяндама жасады. 

Ол келтірген дерек бойынша, 2013 жылдың 1 қаңтарына нақтыланған мемлекеттік бюджеттің кірісі 101,5%- ға, салықтық түсім 101,9%-ға орындалған. Республикалық бюджет шығыстары жыл басында 5 трлн.795 млрд. теңгені құрап, 99,3%-ға орындалды. Шығыстардың жалпы сомасындағы игерілмеген қалдықтың үлесі өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 0,1%-ға азайып, 41,6 млрд.теңгені құрады. 

Сондай-ақ, өткен жыл бойына мерзімінде төленбеген салықтар мен берешектерді қысқарту және оның алдын алу бойынша жұмыстар жүргізілді. «Нәтижесінде мерзімінде түспеген төлемдер 142,9 млрд. теңгеге қысқарып, ол 2013 жылдың 1 қаңтарына 81,3 млрд. теңгені құрады»,- деді Б.Жәмішев.

Ұлттық банктің қаржысы инвестициялық кіріссіз 2012 жылдың соңында 10 трлн.62 млрд. теңгені құраған.

Сонымен қатар, алқа отырысында Салық комитетінің төрағасы Әнуар Жұмаділдаев пен Кеден комитетінің төрағасы Мәжит Есенбаев баяндама жасады.

Алқа мәжілісін қортындылай келе, С.Ахметов министрлік жұмысының маңызды бағыты мемлекеттік және салалық бағдарламаларды жүзеге асыруға дер кезінде қаржыны бөліп отыру болып табылатындығын атап көрсетті.

Кеден және салық қызметтері жұмыстары тиімділігінің көрсеткіші ұсынылған қызметтерінің сапасы болуы тиіс. «Салық пен кеден органдарында реформа мейлінше жақсы жүруде. Рәсімдер ықшамдалып, тиімді әкімшілік басқару жүргізілуде.

Кәсіпорындар мен кәсіпкерлер қызметі, олардың экспорттық әлеуеті салық пен кеден қызметтерінің сапасына байланысты екенін түсіну керек. Бұның бәрі уақытында, сөзбұйдасыз ұсынылуы тиіс. Бұл жерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларға басты назар аудару қажет»,- деді С.Ахметов. 

Премьер- Министр Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес шаруашылық жүргізуші нысандар біртіндеп электрондық есеп беру режиміне толық көшірілгенге дейін салықтық есеп беруді одан әрі ықшамдап және барынша азайтуды жалғастыру керектігін атап өтті. 

«Электрондық есеп беру бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасайды. Арыз-шағымдардың дені өткеннің еншісінде қалатын болады»,- деп түйіндеді ол.

С.Ахметов Қаржы министрлігіне ветеринарлық және фитосанитарлық қызметтерді мерзімінде өткізу және 25 ақпанға дейін Үкіметке тиісті Заң жобасын ұсынуды тапсырды. 

Одан басқа, қаржы министрлігіне ағымдағы жылдың 1 маусымына дейін мемлекеттік меншікке тексеру жүргізу жүктелді.

«Мемлекетке тиімді жұмыс істеу үшін не қалдыру керек, ал жекеменшік секторға нені беру қажет, осыны түсіну керек. Бұл жұмыстардың нәтижесі стратегиялық емес кәсіпорындарды жекешелендірудің Жол картасы болады. Бұндай жұмыстарды жылжымайтын мүлік нысандары бойынша жүргізуге тиіспіз»,-деп сөзін түйіндеді С.Ахметов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу