ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов Мәжілістің пленарлық отырысына қатысты

ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов бүгін «2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңының жобасы қаралған Мәжілістің пленарлық отырысына қатысты.

Бюджеттің жобасын экономикалық даму және сауда министрі Ерболат Досаев, қаржы министрі Болат Жәмішев, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бисенғали Тәжияқов таныстырды.

Үшжылдық республикалық бюджет шығыстарының негізгі басымдықтары: халықты жұмыспен көбірек қамту, өңірлерді дамыту, халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту, адам капиталының сапалық өсуін қамтамасыз ету, индустриялық-инновациялық дамыту, халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, бизнесті дамытуға қолдау көрсету, еліміздің қорғаныс қабілетін нығайту болып табылады.

2013 жылы шығыстардың жалпы көлемі -6,2 трлн. астам теңгені, 2014 жылы – 6, 466 трлн. теңгені, 2015 жылы. – 7,124 трлн. теңгені құрайды. Республикалық бюджет әлеуметтік мазмұнға ие. Әлеуметтік шығыстардың үлесі 40 % жуықтайды.

Пленарлық отырыс барысында депутаттар үкімет мүшелеріне бірнеше сауал қойды.

Бюджет бағдарламалары әкімшілерінің жауапкершілігі туралы сауалға жауап берген Премьер-Министр Серік Ахметов, «бюджетті жоспарлауда әкімшілердің жауапкершілігін күшейту мәселесі үкіметтің қарауында екенін» атап көрсетті.

Үкімет басшысы сондай-ақ, «қазіргі бағалау жүйесі 2011 жылдан бері жұмыс істейтінін, бірақ ол бюджет қаржысының тиімділігін ол жоспарланғаннан кейін ғана анықтайтынын» айтты.

Серік Ахметовтің айтуынша, «бюджет қаржысын жоспарлауда оларды дұрыс және тиімді бөлуге ерекше назар аудару» керек.

«Негізгі мақсат пен міндет жоспарлау болып табылады. Егер біз бюджетті дұрыс жоспарласақ, бюджет қаржысының тиімділік мәселесі де туындамайтын болады», - деді министрлер кабинетінің басшысы өз сөзінде.

Премьер-Министр сондай-ақ, депутаттардың «Қолжетімді баспана -2020» бағдарламасына қатысты сауалдарына да жауап берді.

«Бағдарламаға алғаш рет жастарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі енгізіліп отыр. Қазақстандық ипотекалық компания қаржы тартып, жалға берілетін баспана салатын болады. Жалға берілетін баспана қазақстандықтар үшін нормаға айналмақ. Олар сапасы жақсы эконом-санаттағы пәтерлер болады», деп хабарлады Премьер-Министр.

Пленарлық отырыстың қорытындысы бойынша Мәжіліс депутаттары «2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңының жобасын қабылдап, бірауыздан дауыс берді. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу