Премьер-Министр С.Ахметов Кентау және Түркістан қалаларында болды

Премьер-Министр Серік Ахметов Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарының аясында бүгін түстен кейін Түркістан және Кентау қалаларында болып, бірқатар нысандарды аралады.

Түркістанда Үкімет басшысы М.Жұмабаев атындағы №15 жаңа орта мектепте болып, оқу сыныптарын аралады. Премьер-Министр сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысының білім беру жүйесінің дамуымен танысты.

Ал Кентау қаласында Серік Ахметов қала құрушы кәсіпорындарды аралады.

«Кентау Сервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының 5-Жылу-электр орталығында Үкімет басшысы стансаның күзгі-қысқы кезеңде жұмыс істеу жағдайымен, сондай-ақ кәсіпорынның даму перспективасымен танысты.

Премьер-Министр стансаның технологиялық үдерісін жетілдіру қажеттілігін атап көрсетті. «Мұндай стансалар бір компьютермен басқарылады», - деді С.Ахметов. Осы тақырыпты жалғастырған Үкімет басшысы «стансаның жұмысын шығынсыз деңгейге шығару керектігін» айтты. «Сонда жылу да, энергия да, жалақы да және жұмыс та болады», -деді ол.

Кентау трансформатор зауытында Серік Ахметов кәсіпорын шығаратын өнімдермен танысты және еңбек ұжымымен кездесті. Зауыттың өнімдерін негізінен еліміздің ұлттық компаниялары, сондай-ақ Ресей мен Орталық Азия кәсіпорындары тұтынады. Кентау қаласын дамытудың 2013-2015 жылдарға арналған кешенді жоспарында электроизоляциялық және механикалық цехтардың құрылыс жобасын іске асыру қарастырылған.

Өз сөзінде Үкімет басшысы өндірісті жаңғырту және технологиялық деңгейдің жоғары сатысына ауысу қажеттілігін атап көрсетті.

Премьер-Министр Серік Ахметов Оңтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапарын осымен қорытындылады. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу