Премьер-Министр Серік Ахметов Байқоңырда болды

Кеше, 15 қараша күні,  Қызылорда облысына жасаған жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрі  Серік Ахметов Байқоңыр қаласында болды (фото).


Онда ол ең алдымен 1961 жылы әлемде тұңғыш рет  «Восток» ғарыш кемесі ұшырылған  «Гагариндік старт» ұшыру алаңына келді.

Сондай-ақ  С.Ахметов  ғарышкерлік тарихы мұражайымен танысып,  тұңғыш ғарышкер Ю.Гагарин мен академик С.Королевтің мемориалдық  үйлерін аралып көрді.  Мұражай тақырыбы өте ауқымды, «Байқоңыр»  ғарыш айлағы құрылысының тарихы, ғарыштық зымыран  техникаларын сынау тарихы, ғарыш кеңістігін игеру тарихы  залдары жұмыс істеп тұр.  Мұражай мен мемориалдық үйлерді  көруге жыл сайын жүздеген адам келеді.   

«В.Н.Челомей атындағы халықаралық ғарыш мектебі» лицейін  аралап көру барысында үкімет басшысына лицей оқушылары жасаған шағын ұшу аппаратының   қалай ұшатыны көрсетілді.

Бұдан басқа, қалалық әкімшілік басшысы А.Мезенцев  С.Ахметовке қаланың әлеуметтік-экономикалық  дамуы көрсеткіштерімен таныстырды.

ҚР Премьер-Министрінің  жұмыс сапары  түстен кейін Қызылорда қаласында жалғасты.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу