16 Маусым 2026, 16:45
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысының қорытындысы бойынша теміржол саласы мен инфрақұрылымды кешенді дамытуға арналған баспасөз конференциясы өтті. Іс-шараға көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Ахметжанов қатысты.
Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжановтың айтуынша, Мемлекет басшысының вокзал инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру белсенді кезеңге өтті. Қазіргі уақытта ел бойынша 124 вокзал жаңғыртылып жатыр. Жобалар аясында ғимараттарды күрделі реконструкциялау, күту залдарын кеңейту және қызмет көрсетуді жақсарту көзделген. Сонымен қатар әбден тозған 37 нысан толық сүріліп, орнына халықаралық стандарттарға сай жаңа технологиялық терминалдар салынуда.
Президент тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде жылжымалы құрамды сапалы жаңарту мен тасымал жайлылығын арттыруға ерекше назар аударылып отыр. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов ұлттық компанияның ауқымды ұзақмерзімді бағдарламаны қабылдап, жүзеге асырып жатқанын хабарлады. Құжатқа сәйкес 2030 жылға дейін Қазақстандағы жолаушылар вагондары паркі толық жаңартылады. Барлық жаңа вагондар заманауи ауа баптау жүйелерімен, бейнебақылау жүйелерімен және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы купелермен міндетті түрде жабдықталады.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу