Жыл соңына дейін жастар практикасымен 25 мың адам қамтылады — ҚР ЕХӘҚМ

Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында ҚР ЕХӘҚМ халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Е. Абулхатин жастарды жұмыспен қамту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді. 

Е. Абулхатиннің айтуынша, 3,8 млн жас азаматтың 3,6 млн-ы еңбекке жарамды деп танылған. Олардың 2,1 млн-ы жұмысқа орналасқан: 1,6 млн — жалдамалы жұмысшылар, 492 мыңы — өзін-өзі жұмыспен қамтығандар.  

Департамент директоры «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жастармен жұмыспен қамту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. 1.07.2019 жағдай бойынша «Еңбек» бағдарламасына қатысушылар саны 258 мың адамды құрайды, олардың 37% — жастар. «Тегін ТжКББ» бағдарламасы аясында 19,8 мың адам оқытылуда, қысқа мерзімді курстардан 16,4 мың адам өтуде.  

2018 жылы 2 мыңнан астам жас азамат шағын несиелер алды, «Бастау Бизнес» бойынша 8,5 мың маман оқытылды. 

«Жастардың еңбек нарығына қосылу болжамдары туралы айтар болсақ, жыл сайын 300 мыңға жуық түлек алғаш рет еңбек нарығына шығады. Біз болжамды қажеттілікті анықтадық: 5 жыл ішінде – 2020-2025 жылдар аралығында – бізде еңбек нарығына қосымша 1,8 млн-ға жуық жас азамат қосылады. 2020 жылдан бастап жыл сайын еңбек нарығына жас азаматтардың қосылуы арта түседі. Сол себепті де бізде “Оларды қалай жұмысқа орналастырамыз?” деген сұрақ туындайды», — деді Е. Абулхатин.   

Сонымен қатар, ол жұмыс істемейтін, оқымайтын NEET жастар санаты анықталғанын айтты. Биыл Жастар жылы аясында аталған санатқа ерекше көңіл бөлінді. 

Сонымен қатар, «Жастар — ел тірегі» бағдарламасы аясында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі екі жобаны іске асырып жатыр — «Жас маман» және «Жас кәсіпкер».   

Биыл «Жас кәсіпкер» және «Бастау Бизнес» бағдарламалары бойынша 20 мың адамды оқыту көзделген. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Бастау Бизнес» жобасын қаржыландыру екі есеге ұлғайтылды, бұл тағы 40 мың адамды оқытуға жол ашады. Жалпы, «Бастау Бизнес»  бойынша кәсіпкерлік негіздеріне тегін оқытумен 75 мың адам қамтылды, олардың басым бөлігі – жастар.

Сондай-ақ, Е. Абулхатин биылдан бастап аз қамтылған әрі көп балалы отбасылардан шыққан азаматтарға өз ісін ашу үшін гранттар беріле бастайтынын айтты. Аталған мақсаттарға республикалық бюджеттен қосымша 12 млрд теңге бөлінеді, бұл 23 мың адамды қамтуға мүмкіндік береді. 

2019 жылы 14 мың адамды жеңілдікті несиелендірумен қамту көзделген, соның ішінде 5 мыңы – жастар. Қаржыландыруды қайта қарастырғаннан кейін, несиелендіру көлемі тағы 5 мың несиеге ұлғайтылды. Осылайша, биыл 19 мың адам жеңілдікті несиелер алады. Олардың 30-40%-ы жастарға арналған.

«Жас маман» жобасы аясында жастар практикасы кеңейтілді. 2019 жылы жастар практикасына 15 мың адамды бағыттау көзделген. Дегенмен, биылғы 1 шілдеден бастап тағы 10 мың адамға ұлғайтылды. Осы жылдың соңына дейін жастар практикасымен 25 мың адам қамтылады. 

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу