2020 жылдың соңына дейін барлық мектептер күзетпен, бейнебақылаумен және тасымалдаумен қамтамасыз етілуі тиіс — А. Аймағамбетов

Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ҚР білім және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының жаңа басымдықтары туралы айтып берді.

А. Аймағамбетов атап өткендей, білім беру саласы Тұңғыш Президент – Елбасы Н. Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың ерекше бақылауында.

ҚР білім және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында білім берудің көптеген мәселелері мен мәселелері шешілді, оның ішінде жаңартылған мазмұнға көшу, «Баршаға арналған тегін ТжКББ» жобасын жүзеге асыру, жоғары оқу орындарына академиялық еркіндік беру, балаларды 95% балабақшалармен қамту.

Министрдің айтуынша, бұл мәселелер жаңа мемлекеттік бағдарламаның негізін қалады, бірақ сонымен бірге ол заманауи шынайылықтарды ескереді.

«Әрине, өмір бір орында тұрмайды. Кейбір мәселелер шешімін тапты. Олардың орнында жаңа проблемалар пайда болуда. Сондықтан жаңа Бағдарламада біз жаңа мәселелердің шешілу жолдарын қарастырдық», — деді А. Аймағамбетов.

Осы жылы Қазақстан білім беру саласындағы бес халықаралық зерттеуге қатысты. PISA, PIAAC, TIMSS секілді зерттеулердің нәтижелері мұқият қаралып, талқыланды. Жаңа Бағдарламада барлық кемшіліктер мен әлсіз тұстар ескерілді. Сонымен қатар, Бағдарлама жобасында Елбасы мен Мемлекет басшысының тамыз конференциясында, сайлауалды бағдарламасында және халыққа Жолдауында айтылған ескертулері де ескерілген.

Мемлекеттік бағдарламаның жаңалықтарының бірі — мектептерде қосымша үйірмелерге мемлекеттік тапсырыс беру мүмкіндігі.

«Мемлекеттік бағдарламада біз қосымша білім берумен қамту үшін мемлекеттік тапсырыс бөле алатындай негіз қалап жатырмыз. Бұл не үшін керек? Біз мектепке дейінгі білім беру жүйесіне мемлекеттік тапсырыс механизмін енгізе бастаған кезде, бұл үш жылдың ішінде мектепке дейінгі білім беруді қамтуды тез арада арттыруға мүмкіндік берді. Сондықтан, бұл жағдайда біз қосымша білім беру және қосымша білім алуға жан басына шаққандағы тапсырыс қосымша біліммен балаларды тез қамтуға мүмкіндік береді деп санаймыз», — деп түсіндірді министр.

Білім мен ғылымды дамытудың жаңа бағдарламасында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді.

«Біз үшін ең бастысы – балалардың қауіпсіздігі. Сондықтан, ата-аналар мен мектептердің жауапкершілігін күшейту үшін және балаларымызға қажетті жағдайларды жасау мақсатында нормалар қабылданады», — деді ол.

Сонымен, мектептерді 100% бейнебақылаумен қамту жоспарланған. Сонымен бірге, бейнебақылау жүйесін орнатуға кешенді тәсіл қолданылады. Біріншіден, бейнебақылау шынында қажет болған жерлерде орнатылады. Екіншіден, жазба күндерінің санына қойылатын талаптар ескерілетін болады. Үшіншіден, бейнежазбаға рұқсат беру талаптары ескеріледі. Төртіншіден, бұл камералардың сигналы жедел әрекет ету орталығына түсуі қажет, онда мамандар не болып жатқанын бақылайды.

«Біз мектептерді 100% күзетпен қамтамасыз етуіміз керек. Балаларды қауіпсіз тасымалдау мәселесін шешу қажет. Бейнебақылауды орнату керек. Жалпы, балалардың қауіпсіздігі үшін қажетті жағдайларды жасауға тиіспіз. Біз бұл мәселелерді 1-2 жылда шешуді жоспарлап отырмыз. Біз бейнекамералар бойынша алдымызға міндет қойдық – келесі жылдың соңына дейін барлық жергілікті атқарушы органдар бұл мәселені шешуі керек: күзетті, бейнебақылауды және тасымалдауды қамтамасыз етуі қажет. Бұл соншалықты үлкен проблема емес. Ол үшін 2025 жылды күтудің қажеті жоқ. Мұны келесі жылы жасауға болады. Білім және ғылым министрлігі бұл мәселені алдағы уақытқа кешіктірмей шешуді талап етеді», — деді министр.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу