Электронды денсаулық паспортын eGov және mGov платформаларынан көруге болады — Е. Біртанов

Бүгін ҚР Президентінің Жолдауын іске асыру туралы баспасөз конференциясында денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов саланы цифрландыру барысы туралы айтып берді.

«Цифрландыру бойынша – бүкіл қағаз түріндегі құжат айналымын электронды түрге ауыстыру қажет. Бұл жазылу, бақылану сапасын, бюджет қаражатының тиімділігі мен үнемделуін арттырады. Осыған байланысты бұл жоба өткен жылдан бері белсенді жалғастырылып келеді. Жарақтандырылу деңгейі жеткілікті жоғары. Жұмыс орындарының 97%-ға жуығы компьютерлендірілген», — деді министр.

Ірі аудан орталықтары мен қалалар Интернет желісіне толық қосылған. Сонымен қоса, ауылдық жерлерде қолжетімділік проблемасы бар. Бүгінде іс жүзінде тұрғындардың 95%-ы медициналық қызметтерге жүгінген кезде электронды түрде жазбалар ала алады. 2005 жылдан бастап осы уақытқа дейін жүйелерге жинақталған ақпарат барлық ақпараттық жүйелерде көтеріліп, әрбір азамат үшін өзінің денсаулық сақтау электронды паспортына салынды.

«Электронды денсаулық паспорты біздің еліміздің әрбір азаматында бар. 95%-ының осындай жазбасы бар. Егер сіз соңғы жылдары медициналық ұйымдарға жүгінсеңіз, ауруханаларда жатсаңыз, қандай да бір тексерулерден өтсеңіз, бұл жазбалардың бәрі сонда бар. Біздің міндетіміз - осы электронды паспортты нақты уақыт режимінде жұмыс істету. Егер сіз дәрігерге, стоматологқа, гинекологқа барып, анализ тапсырған болсаңыз - бұл мәліметтердің барлығы электронды паспортта сақталуы тиіс», — деді Е. Біртанов.

eGov платформасында әркім өзінің электронды паспортын көре алады. Сонымен қатар, мобильді нұсқасы іске қосылған.

«mGov мобильді қосымшасында көшірмелерді, төлқұжат мәліметтерін, қандай дәрігерге бекітілгенін, соңғы уақытта қандай медициналық қызметтер алғанын көруге болады. Келесі жылы наурыз айынан бастап бұл ақпарат онлайн режимде жаңартылатын болады. Бұл ақпараттың барлығы ақпараттық қауіпсіздік турады заңнамаға сәйкес жеткілікті қорғалған. Біз Кодекс жобасына жаңа бөлімдер енгіздік, оған сәйкес мемлекет осы мәліметтердің сақталғаны үшін өзіне жауапкершілік алады», — деп түсіндірді Елжан Біртанов.

Оның айтуынша, егер азамат жеке клиникаларда тексерілетін болса, және бұл ақпарат жеке клиникалардың жеке серверлерінде сақталса да, мемлекет олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті. Қазақстандықтардың аккаунттары мен төлқұжаттары орналасқан платформа мемлекеттің қорғауына алынған және барлық жазбалар сол жерге көшіріледі. Барлық жеке және мемлекеттік компаниялар, ақпараттық жүйелер бұл деректерді беруге міндетті. Егер компания жабылса немесе сервер бұзылған болса да, барлық деректер сақталуы керек. Тиісті заңнамалық талап әзірленіп, Парламенттің қарауына ұсынылды.

«Цифрландыру – бұл үлкен бағыт. Осы мәліметтердің барлығы электронды түрде берілетіндіктен, бізде қанша дерек жинағалғанын елестете беріңіз. Біз үлкен терабайттық мәліметтер жиналатындығын көріп отырмыз. Бұл машиналық талдау мен деректерді зерделеу үшін жасанды интеллект механизмін пайдалануға мүмкіндік береді. Бізде белгілі-бір жетістіктер бар. Атап айтқанда, қазіргі уақытта Медициналық сақтандыру қоры модель бойынша жұмыс істеуде, онда аурудың тарихы жазылған жазбадағы мәліметтерге сәйкес машина қайта ауруханаға жатқызылу қаупі бар пациенттерді анықтай алады», — деді ҚР денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.

Бұл, Е. Біртанов атап өткендей, анағұрлым толық оңалтуды қамтамасыз ету үшін әлеуетті пациенттермен атаулы жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді. Жалпы тәжірибе дәрігерлері оларға бағытталады және осылайша өлім-жітім азаяды. Министрдің айтуынша, мұндай мүмкіндіктер көп. ҚР ДСМ осындай ірі халықаралық компаниялармен, оның ішінде IBM Watson-мен және Халықаралық Телекоммуникация Одағымен жұмыс істейді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу