Елімізде азаматтық авиация саласын дамыту және теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары қарқынды жалғасуда

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, көлік вице-министрі Талғат Ластаев, Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің басшысы Майкл Дэниел және Air Astana компаниясының бас атқарушы директоры Ибрахим Жанлыел қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

Баспасөз мәслихаты барысында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев теміржол вокзалдарын жаңғырту және реконструкциялау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, елімізде 124 вокзал жаңартудан өтуде. Бүгінгі таңда 46 вокзал пайдалануға беруге толық дайын. Ал жаздың соңына дейін 109 вокзалдағы жұмыстарды аяқтау жоспарланып отыр.

Сонымен қатар жиында азаматтық авиация саласын дамыту мәселесі де қозғалды. Бүгінде елімізде азаматтық авиацияны дамыту үшін қажетті негізгі институционалдық база толық қалыптасқаны атап өтілді. Қазіргі таңда Қазақстан ICAO талаптарына сәйкестіктің жоғары деңгейін көрсетіп отыр: әуежайлардың авиациялық қауіпсіздік деңгейі 95,7%-ды, ал әуе компанияларының ұшу қауіпсіздігі 82%-ды құрайды. Бұл көрсеткіштер Қазақстанның авиациялық қауіпсіздік деңгейі бойынша әлемнің үздік 20 мемлекеті қатарына кіруге мүмкіндік берді. Осы жетістіктерді одан әрі нығайту мақсатында авиациялық оқиғаларды тергеу орталығы құрылды, авиациялық әкімшілік жұмысына халықаралық сарапшылар тартылды. Сондай-ақ жыл соңына дейін ICAO-мен бірлесіп, саланы дамытудың 2050 жылға дейінгі бас жоспарын қабылдау жоспарланып отыр.

#Баспасөз конференциясы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу