12 Тамыз 2025, 17:30
Үкімет отырысының қорытындысы бойынша оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.
Брифинг барысында Ғани Бейсембаев мектептердегі орын тапшылығын шешу мәселесі жайында айтты. Ол жалпы алғанда Қазақстандағы үш ауысымды мектептердің саны азайғанын атап өтті. Оның сөзінше, бұған дейін елде 100-ден астам осындай мектеп болған. Былтыр олардың шамамен 70-іне қатысты мәселе шешіліп, 30-ға жуығы қалған. Биылғы жыл соңына дейін бұл мәселені толықтай шешу жоспарланып отыр. Министр жаңа мектептердің құрылысы үш ауысымды мектептер мәселесінен бөлек, апатты жағдайдағы мектептер мәселесін де шешуге мүмкіндік беретінін айтты. Ғани Бейсембаев Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Қазақстанда мектеп инфрақұрылымын жүйелі түрде жаңғырту және кеңейту жұмыстары жалғасып жатқанын айтты. Қазір өңірлерде 267 мың орынға арналған 232 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. 2025–2026 оқу жылының басына дейін 115 мың оқушы орнына арналған 83 жаңа мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Жыл соңына дейін 140 мың орынға есептелген тағы 111 мектептің құрылысы аяқталады.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек студенттік жатақханалардағы орын тапшылығын шешу мәселесі жайында айтты. Оның сөзінше, соңғы үш жылда елімізде студенттік жатақханалардағы орын тапшылығы шамамен тоғыз есе азайып, 87 мыңнан 10 мыңға дейін қысқарған. Жалпы алғанда Алматыдан басқа еліміздің барлық өңірінде жатақхана мәселесі шешілген. Қазір Алматы қаласы басты назарда. Кез келген курс студенттері университеттен ақпарат ала алмаған немесе орын жеткіліксіз болған жағдайда ахуалдық орталыққа жүгіне алады. Мұндай жағдайда министрлік студенттерді басқа жоғары оқу орындарындағы резервтерге орналастырады. Шұғыл жағдайларға арналған дағдарыс орталығында 55 орын қарастырылған. Министрдің айтуынша, орын тапшылығы ішінара хостелдерге орналастыру арқылы шешіліп отыр. Хостелдер оқу жылы басталар алдында, ортасында және студенттер орындарды босатқаннан кейін жылына үш рет тексеріледі.
#Баспасөз конференциясыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу