Елімізге жерсіндіру үшін төрт тұран жолбарысы жеткізіледі

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша ҚР экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиевтің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

Ерлан Нысанбаев баспасөз мәслихатында тұран жолбарысы популяциясын қалпына келтіру жөніндегі жобаның іске асырылу барысы туралы айтты. Ол Қазақстанға әкелінген жолбарыстардан осы жылдың соңына дейін тұқым алуға үміт барын атап өтті.

Министр бұған дейін жолбарыстар Нидерландыдан жеткізілгенін еске салды. Қазір олар Іле-Балқаш резерватының аумағында арнайы қоршауда тіршілік етіп жатыр, жағдайы тұрақты. 

Спикер жолбарыстарды Қазақстанға беру мәселесі бойынша Ресей тарапымен кездесудің нәтижелері туралы да хабарлады. Оның айтуынша, Қазақстанға Ресей Федерациясынан мамандар тобы келіп, жолбарыстарға қажетті инфрақұрылыммен танысқан. Тараптар келісімге келді және биыл Ресейден 3-4 жолбарыс әкелу жоспарланып отыр. Осылайша, тұран жолбарысын қайта жерсіндіру жөніндегі жобаны толыққанды жүзеге асыру басталады.

Ерлан Нысанбаев Қазақстандағы киік санын реттеуге қатысты сұрақтарға да жауап берді. Ол ғылыми қоғамдастық өкілдерімен, сондай-ақ киіктер бойынша маманданған сарапшылармен кездесу өткізілгенін хабарлады. Барлық міндеттемелерді зерттеуге уақыт қажет. Талқылау қорытындысы бойынша салмақты шешім қабылданады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының ірі қалаларда қоқыс өңдеу зауыттарын салу жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында утильтөлем есебінен жеңілдетілген қаржыландыру тетігі бекітілгені, жылдық 3%-бен 15 жылға және екі жылға дейінгі демалысы бар несиелер көзделгені атап өтілді. Бүгінгі таңда Экология министрлігі мен «Атамекен» ҰКП әкімдіктер ұсынған 316,9 млрд теңге сомасына 67 жобаны мақұлдады, оның ішінде 43-і қалдықтарды қайта өңдеуге бағытталған жоба.

#Баспасөз конференциясы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу