Инженерлік желілердің тозуы деңгейін төмендету, өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемін арттыру және орманды алқаптарды  ұлғайту: Үкіметте Президент Жолдауының іске асырылу барысы туралы айтылды

Қазақстан Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр, көлік министрі Марат Қарабаев, энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев  Үкімет отырысының қорытындысы бойынша баспасөз мәслихатына қатысты. 

Роман Скляр Президенттің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауының жүзеге асырылу барысы мен Үкіметтің энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, өңдеу өнеркәсібін дамыту, инвестиция тарту бойынша атқарып жатқан жұмыстары туралы журналистерді хабардар етті.

Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің даму серпіні атап өтілді. Өндіріс көлемі 14,9 трлн теңгені құрады, бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 4,9%-ға артық. Саланың ЖІӨ-ге қосқан үлесі металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібі және фармацевтика есебінен 12,5%-ды құрады.

2019 жылы республика бойынша барлық жылу желілерінің орташа тозуы 61%-ды құрады, бұл көрсеткіш жыл соңына дейін 52%-ға дейін жеткізілетін болады. Қазіргі уақытта 12 млн-нан астам адам немесе халықтың 60%-ы газбен қамтылған. Жыл соңына дейін тағы 300 мыңнан астам адам қамтамасыз етілмек.

Қанат Шарлапаев жылу желілерін жаңғырту туралы баяндады. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен рекордтық 93 млрд теңге бөлінді. Табиғи монополиялар субъектілері тарапынан тағы 17 млрд теңге бөлінді.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев журналистерге Қазақстанда АЭС салу жоспары туралы айтты. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев орман алқаптарын ұлғайту және оларды қорғау жөніндегі жұмыс туралы баяндады.

#Роман Скляр #Баспасөз конференциясы #ТКШ #Энергетика

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу