13 Мамыр 2025, 18:05
Үкімет отырысының қорытындысы бойынша ҚР ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.
Айдарбек Сапаров баспасөз мәслихатында Қазақстанда ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру жүргізіліп жатқанын хабарлады. 2 жыл ішінде бидай алқаптарын 750 мың гектарға қысқартуға қол жеткізілді, ал жемшөп және майлы дақылдардың егіс алқабы биыл 3,3 млн гектарға жетеді, бұл ретте күнбағыс алқабы алғаш рет 1,4 млн гектарды құрағалы отыр.
Ауыл шаруашылығы министрі қазақстандық астық экспортының қазіргі жағдайы туралы да айтты. Айтылған мәліметтерге сәйкес, бидай мен ұн экспорты жоспар бойынша жүріп жатыр және шет елдерге жеткізілімдердің артқаны байқалады. Атап айтқанда, Ауғанстан, Өзбекстан сияқты елдерге астық пен ұн экспорты ұлғайды. Сонымен қатар жаңа нарықтар ашылуда, соның ішінде: Марокко, Вьетнам, БАӘ бар. Жалпы астық баламасында бидай мен ұнның экспорты 2024 жылмен салыстырғанда биыл 34%-ға өсті.
Сондай-ақ Айдарбек Сапаров 2025 жылы ішкі нарықтағы жағдайды тұрақтандыру үшін картоп өндірісін ұлғайту жоспарланғанын айтты.
Өз кезегінде Азат Сұлтанов елімізде өнеркәсіп бағытындағы қарасораны заңдастыру мақсатын түсіндірді. Бірінші кезекте, вице-министрдің айтуынша, бұл қарасораны өнеркәсіптік мақсатта пайдалану үшін жасалады. Қазақстан аумағында өндіруге рұқсат етілетін қарасора сорттары реттелетін болады. Тиісінше, ол сұрыптар құрамында есірткісі бар түрлерге жатпауы керек.
Сонымен қатар ол өндіріс барысында сот сараптамасы тарапынан зертханалық зерттеулер жүргізілетінін атап өтті. Бұзушылықтар анықталған жағдайда өнім толық жойылады.
#Баспасөз конференциясыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу