Қазақстанда АӨК субсидияларын беру автоматтандырылады

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясына Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев және қаржы вице-министрі Ержан Біржанов қатысты.

Нұрлан Байбазаров мемлекет агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау саясатын түбегейлі өзгертуді жоспарлап отырғанын айтты. Оның айтуынша, бұрынғы шарттар 5% несиелермен алмастырылмақ. Сонымен қатар субсидияларды беру үдерісі толық автоматтандырылып, бұл жұмысты Аграрлық несие корпорациясы арнайы цифрлық платформа арқылы жүзеге асырады.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Нидерландтан әкелінген жолбарыстардың жағдайы туралы айтып берді. Аталған шара Тұран жолбарысының популяциясын қалпына келтіру бағдарламасының аясында жүзеге асырылуда. Министрдің айтуынша, жолбарыстар суық климатқа бейімделіп үлгерген. Қазіргі таңда олар арнайы бақылауда. Жануарлардың жағдайы өте жақсы, салмақ қосқан, денсаулықтарына қатысты ешқандай мәселе жоқ. Табиғи ортада жолбарыстар 1,5-2 жылда күшіктейді.

Ал қаржы вице-министрі Ержан Біржанов айыппұлдардың бюджет кірісінің негізгі көзі емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, министрлік бұл бағытта болжам жасаумен айналыспайды. Сонымен қатар ол 2025 жылдың бірінші тоқсанында Теңіз кен орнын кеңейту жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Бұл мұнай өндіру көлемін арттырып, бюджет кірісіне оң ықпал етпек.

#Баспасөз конференциясы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу