29 Шілде 2025, 17:00
Үкімет отырысының қорытындысы бойынша ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметовтің, ҚР ЕХӘҚМ Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті төрағасының орынбасары Ерболат Әбілхатиннің және ҚР ЕХӘҚМ Халықты жұмыспен қамту департаменті директорының орынбасары Айжан Жапалбаеваның қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.
Баспасөз мәслихаты барысында Асқар Биахметов Қазақстанда «Энергетик күнін» бекітуді жоспарлап отырғанын айтты. Оның айтуынша, бұйрық жобасы Әділет министрлігінде мақұлдауда жатыр. Жақын арада, егер құжат мақұлданса, онда «22 желтоқсан – Энергетик күні» болып бекітілмек. Барлық рәсімдер аяқталғаннан кейін тиісті бұйрық ресми ресурстарда жарияланады. Бастама мамандықтың беделін арттыруға және энергетиктердің ел экономикасын дамытуға қосқан үлесін ұлықтауға бағытталған.
Сондай-ақ вице-министр Қазақстанға орта мерзімді перспективада 3 млн-ға жуық маман қажет болатынын атап өтті. Бірінші орында қоғамдық қызметтер тұр, олар – мемлекеттік басқару, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру. Бұл бағыттар жұмыс күшіне деген жалпы сұраныстың 29%-ын құрап отыр. Одан кейін бизнес-қызметтер – 21%, тасымалдау және логистика – 16%, өнеркәсіп – 13%, құрылыс және ауыл шаруашылығы – әрқайсысы 7%-дан.
Оның айтуынша, Бұл деректерді кәсіптік стандарттарды бекіту, білім беру бағдарламаларын қалыптастыру, оқуға білім беру тапсырыстарын бөлу және қайта даярлау жүйесін ұйымдастыру кезінде ескеру қажет.
Өз кезегінде ҚР ЕХӘҚМ Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті төрағасының орынбасары Ерболат Әбілхатин сағат 8:00-ден 17:30-ға дейінгі жаңа жұмыс кестесіне көшудің алғашқы нәтижелері туралы айтып берді.
Оның айтуынша, мұндай жұмыс уақыты таңертеңгі кептелістерді болдырмауға және қызметкерлердің жеке уақытын оңтайландыруға көмектеседі. Ол сондай-ақ мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің қызметкерлері тарапынан жаңа жағдайларға шағымдар түспегенін атап өтті.
Сондай-ақ елімізде электронды еңбек шарттары мен штаттық кестелер сияқты заманауи электронды құралдар енгізіліп жатқаны атап өтілді, бұл еңбек нарығының ашықтығы мен тиімділігін арттырады, көлеңкелі жұмыспен қамту деңгейін төмендетуге ықпал етеді.
#Баспасөз конференциясы
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу