Қазақстанда энергетикалық және коммуналдық секторлар мен су объектілерін жаңғырту жүргізілуде, сондай-ақ өңірлерді дамытуға баса назар аударылуда

Үкіметте Мемлекет басшысының өңірлік даму, су ресурстары және ирригация салаларына қатысты тапсырмаларын орындау, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыру барысы туралы баспасөз конференциясы өтті. Оған ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев, су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов, төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев, өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаев қатысты.

Баспасөз конференциясы барысында Қанат Бозымбаев моноқалалар мен ауылдардың, Алатау қаласының бас жоспары туралы айтып берді.

Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында Үкімет өңірлерді орнықты және теңгерімді дамыту үшін Қазақстан Республикасының 2025-2030 жылдарға арналған өңірлік дамуы тұжырымдамасын бекіткені атап өтілді. Тұжырымдама макроөңірлер мен өсудің жаңа бағыттары негізінде халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға және өңірлердің экономикалық әлеуетін ашуға бағытталған. Әлеуметтік, инженерлік және көлік нысандарына қол жеткізудегі диспропорцияларды жоюға ерекше назар аударылуда. Өңірлік стандарттар жүйесі негізінде республикалық бюджеттен қаржыландыруда инфрақұрылымы нашар дамыған аймақтарға басымдық беріледі. Сонымен қатар Үкімет моноқалаларды дамытудың жаңа шараларын әзірледі, оның ішінде ірі кәсіпорындар мен жергілікті тауар өндірушілер арасында ұзақмерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттар жасасу, индустриялық аймақтар құру, елішілік құндылық бағдарламаларын енгізу, шағын және орта бизнесті дамыту және тағы да басқа жайттар бар. Одан бөлек Үкімет Алатау қаласын қалыптастыру және дамыту бойынша қарқынды жұмыс жүргізуде. Алатау қаласының бас жоспары бекітілді, Арнайы экономикалық аймақ және қаланы дамыту жөніндегі Жобалау кеңсесі құрылды, коммуникациялардың техникалық схемаларын әзірлеу жүргізілуде.

Премьер-министрдің орынбасары, сондай-ақ, Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаның тәжірибелік кезеңінің басталуы туралы айтты. Мемлекет басшысы бірінші кезектегі инфрақұрылым мәселелерін шешуге ерекше көңіл бөліп отырғаны атап өтілді. Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба 2024 жылғы желтоқсанда бекітілді. Оны заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін Мемлекет басшысы тиісті заңға 17 шілдеде  қол қойды, аталған заң 29 шілдеде күшіне енді. Алдын ала бағалау бойынша Ұлттық жобаны бес және одан да көп жылға жүзеге асыруға 13 трлн теңгеден астам инвестиция тарту қажет. Ол 86 мың шақырым коммуналдық желілерді жөндеу және салу үшін, жиынтық көлемде 7,3 Гвт қосымша генерациялау көздерін іске қосу үшін жұмсалақ. Қаражатты төрт қаржы көзінен тарту қарастырылып отыр. Олар: - отандық және халықаралық қаржы институттары; - екінші деңгейдегі банктер; - бюджет және Ұлттық қор қаражаты; - акционерлер - бизнес иелерінің қаражатынан. ЭКСЖ-ға қатысуға пилоттық жоба ретінде 35 табиғи монополия субъектісі бекітілді. Қарастыру сатысында тағы 22 жоба тұр.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының өңірлік даму, су ресурстары және ирригация салаларына қатысты берген тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша Үкіметте өтіп жатқан дәстүрлі баспасөз конференциясында су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов журналистердің вегетация кезеңі туралы сұрағына жауап берді.

«Республикада 8 бассейн болса, оның 7-еуі – трансшекаралық су көздері. Ресей, Қытай және оңтүстіктегі көршілерімізден су аламыз. Ең көп келетін судың көлемі – Сырдария өзені, ол 90%-дай Қызылорда, Түркістан облыстарына беріледі, Қығыз елінен 75%-дай Жамбыл облысына, Қытай елінен Алматы, Жетісу облыстарына 45% су келеді. Ал Ресей Федерациясы арқылы Жайықтың бойымен Атырау облысына келетін су көлімі - 75%. Көршілес әрбір мемлекеттер бойынша комиссиялар құрылған, арада келісімдер бар, соған сәйкес кестелері әзірленген. Бүгінгі күні сол кестеге сәйкес жұмыстар атқарылып жатыр.

Әрине, бүгінгі климаттық жағдай, жаһандық температураның көтерілгені, жалпы жаз бойы оңтүстік Қазақстанда, тіпті Орталық Азияда жауын-шашынның орташа жылдық көрсеткіштен 60%-ға төмен болғаны вегетация кезеңіне өзінің әсерін тигізіп отыр. Бүгінгі таңда вегетация кезеңі аталған факторларға байланысты күрделі өтуде, бірақ тұрақты жағдайда жүріп жатыр. Қазір еліміз бойынша бұл кезең аяқталып келеді. Бекітілен жобаға байланысты тиісті судың 80%-дан астамын біз шаруа қожалықтарына бердік. Тамыз айында бұл жұмыстарды аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз», — деді су ресурстары және ирригациялар министрі Нұржан Нұржігітов.

Өз кезегінде энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов журналисттердің жылу маусымына дайындық туралы сұрағына жауап берді.

«Қысқа дайындық тұрақты жүріп жатыр. Жылу орталықтарының жүйелі оператор бекітетін кестесі бар. Біз 10 энергоблок, 63 қазандық пен 39 турбинаны күрделі жөндеуден өткіземіз. Қалған барлық құралдар ағымдағы жөндеуден міндетті түрде өтеді. Бүгінгі таңда 5 энергоблок, 30 қазандық, 18 турбина бойынша жұмыстар жүріп жатыр, ал қалған жартысында жұмыстар аяқталды. Жалпы жылу стансаларын жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес толық көлемде жүзеге асырылып келеді.

Ал жылу желілеріне келсек, ол жағынан да тиісті кестелер бар. Бірақ олар өңірлік кестелер. Біз мысалы стансаларды республикалық кестемен қарастыратын болсақ, желілерді жөндеу уақыты мен көлемін әр өңір өзі бекітеді. Оны біз Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Бақылау комитетімен бірге қадағалап отырмыз. Олар бірінші кезекте тарифтан бөлінетін қаражаттың есебінен, екінші кезекте Републикалық бюджеттен 2025 жылы 40 млрд-тай қаражат бөлінген, соның есебінен,  және қосымша жөндеу кезінде анықталған тұстарға Үкімет резервінен бөлінетін тиісті қаражатар есебінен жүзеге асуда. Сондықтан мұндағы жұмыстар толық бақылауда. Барлық нысандар жылумен қамтамасыз етілетін болады», — деді энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов.

Ал төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев «Big Шанхай» базарында болған өртті мысалға келтіре отырып, өрт сөндірушілердің жедел қимылының арқасында үлкен аумақтағы өртті уақытында оқшаулау мүмкін болғанын атап өтті. Бүгінде өрт себебін анықтау бойынша сараптама жүргізіліп жатқанын және осы айдың соңына дейін қорытындысы дайын болатынын хабарлады.

«2023 жылы мораторий болғандықтан біз үлкен сауда үйлерін жаппай тексерген жоқпыз. Одан басқа уақытта 2 мың шаршы метр аумақтан астам жерді алып жатқан сауда үйлерін жыл сайын тексеріп келеміз. Осы жылы сондай 63 сауда нысанын тексердік. Өрт қауіпсіздігін бұзу бойынша 941 дерек анықталды. Қазіргі кезде салалық заңға көп өзгерістер енгізілген. Соның біреуі – көп адам жиналатын, аумағы 2 мың шаршы метрден асатын сауда нысандары сақтандыруға жатады. Осындай оң өзгерістер өрт қауіпсіздігі деңгейін арттырады деп олаймын», — деді төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев.

#Баспасөз конференциясы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу