Қазақстанда өмір сүру сапасын жақсарту, халықтың осал топтарын қорғау және әлеуметтік инфрақұрылымды қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде

Үкіметте ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев, ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақовтардың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

Ермек Көшербаев баспасөз мәслихаты барысында Мемлекет басшысының әлеуметтік саладағы тапсырмаларын жүзеге асыру аясындағы жұмыстар туралы айтып берді.

Оның айтуынша, азаматтардың осал санаттарына ерекше назар аударылады: жыл басынан бері зейнетақы төлемдері 8,5%-ға артты, зейнетақының орташа мөлшері 180 мың теңгені құрайды. Бұл мақсаттарға жалпы алғанда 4 трлн теңгеден астам сома жұмсалды. Атаулы әлеуметтік көмек 245 мың адамға 16,2 млрд тенге көлемінде төленуде.

Мемлекет басшысы Үкімет алдына өмір сапасын жақсарту, халықтың әлжуаз топтарын қорғау және әлеуметтік инфрақұрылымды қалыптастыру жөнінде міндет қойған болатын. Бұл бағытта кешенді жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерін толық орындауда. Бюджеттің  жартысынан көбі осы салаға жұмсалады.

Жыл басынан бері 1,2 млн баласы бар отбасылардың жәрдемақылары 6,5%-ға  артты. Оған республикалық бюджеттен 870 млрд тенге бөлінді. Ол 2024 жылмен салыстырғанда шамамен 17%-ға көп.

Вице-премьер ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту аясында 500-ден астам нысанның құрылысы аяқталғанын хабарлады. Өңірлерде заманауи ауруханалардың құрылысы және медициналық мекемелерді жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жыл сайын ана мен бала өлімі төмендеп, халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жақсаруда.

Президенттің «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша тапсырмасына сәйкес бүгінде 500-ден астам нысанның құрылысы аяқталды. Жыл соңына дейін тағы 140-тан астам ауылдық амбулаториялар мен медициналық пункттер іске қосылады. Ұлттық жобаның нәтижесінде ауылдағы медициналық көмектің қолжетімділігі артып келеді.

Баспасөз конференциясында жыл басынан бері еліміз бойынша 13 мың орындық 172 балабақша ашылғаны хабарланды. Соның нәтижесінде балабақшағы кезек азайып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 1,7 млн оқушы тегін ыстық тамақ ішеді. Олардың ішінде әлеуметтік осал топтардан 99 мың бала бар. Оларды қолдауға 18,4 млрд теңге бөлінді. Тамақтанудың жаңа стандарты енгізілді: көкөністер көп, қант аз, зиянды тағамдар алынып тасталды.

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша 7 млн балаға ақшалай қаражат аударылды. Олар оны болашақта білім мен тұрғын үйге пайдалана алады.

Мектептердің құрылысы мен жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Соңғы екі жылда 388 мың орындық 274 жаңа мектеп ашылды. Оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында - 115 мектеп бар. Тағы 177 мектептің құрылысы жүруде.

#Баспасөз конференциясы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу