Қазақстандықтар жалға берілетін тұрғын үйді жекешелендіруге өтінім бере алады

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев, өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов және «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

Қайрат Төребаев Қазақстанның биылғы маркетингтік жылдағы астық экспорты жөніндегі жоспарлары туралы айтып берді. Вице-министр биыл дәнді дақылдардан жақсы өнім алынғанын еске салды. Қазақстан шамамен 12 млн тонна экспорттауды жоспарлап отыр. Қазақстандық астықты өткізудің негізгі нарығы – Орталық Азия елдері. Делдалдық тізбектерді жою үшін сатып алушылармен үнемі тікелей келіссөздер жүргізіледі. Қазақстан үшін Иран нарығы да ашылуда, өйткені бұған дейін ол ел бұл мәселелерде шектеулер енгізген болатын. Егер 2022 жылы Қазақстан осы бағытта 500 мың тоннадан астам астық өткізсе, енді қол жеткізілген келісімдерден кейін республикамыз Иранға 700 мың тоннадан астам астықты еркін экспорттай алады. Сондай-ақ ҚХР-ға астық экспортын ұлғайту жоспарланып отыр.

Қуандық Қажкенов қазақстандықтарға жалға берілетін тұрғын үйді жекешелендіруге мүмкіндік берілетінін айтты. Оның айтуынша, тиісті заңнама 2025 жылдың 15 мамырында күшіне енеді, кейін алты ай ішінде кейінге қалдыру нормасы бар. Аталған жұмыс шеңберінде нормативтік-құқықтық актілер мен ақпараттық жүйе қабылданады. Тіркеу және есепке алу электронды форматта жүргізілетін болады. Дегенмен, қазақстандықтар жалға берілетін тұрғын үйді жекешелендіру үшін жергілікті атқарушы органдарға жүгіне алады. Шарттар бойынша бастапқы жарнаның 30%-нан кейіннен 10-15 жылға дейін бөліп төлеу қажет.

Ол сондай-ақ жер сілкінісінен кейін Алматыда тұрғын үй құнын төмендетуге қатысты сұраққа жауап берді. Вице-министрдің айтуынша, бүгінде ол қалада құрылыс белсенді жүріп жатыр және бағаның төмендеуі байқалмайды.

Ләззат Ибрагимова Қазақстанда «Ұмай» әйелдер ипотекасы қашан іске қосылатынын айтты. Оның айтуынша, биыл Азия даму банкімен (АДБ) келісімге қол қойылған. Банктің директорлар кеңесінде бағдарламаның шарттары бекітіледі. Жаңа ипотека келесі жылдың екінші жартысында басталады деп жоспарланып отыр.

Ол сондай-ақ «Отау» және «Наурыз» бағдарламалары бойынша қазақстандықтардан 64 мыңнан астам өтінім түскенін хабарлады. Адамдарды қолайлы жағдайлар мен мөлшері 25%-ды құрайтын ыңғайлы бастапқы жарна қызықтырады.

#Баспасөз конференциясы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу