Қазақстанның өңдеу өнеркәсібінде өндірістік қуаттардың өсімі байқалады

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша баспасөз конференциясы өтті. Оған ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов, өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов, ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов қатысты. 

2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Қазақстанның ЖІӨ-нің нақты өсімі 4,1%-ды құрағаны атап өтілді.

Қаңтар-мамырмен салыстырғанда динамика 0,4 пайыздық тармаққа жақсарды. Негізгі өсімді нақты сектор қамтамасыз етіп, оның көрсеткіші 4%-дан 5,1%-ға дейін өсті. Қызмет көрсету саласы 3,5%-ға артты. Ең жоғары белсенділік құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, көлік және сауда салаларында байқалады. Сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешен мен байланыс салаларында да өсім бар. Сонымен қатар бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің негізгі секторларында оң динамика байқалып, жиынтық өсім 9,8%-ды құрағаны айтылды.

Машина жасау, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдары, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру, жеңіл өнеркәсіп және өңдеу өнеркәсібінің басқа да салаларында өндіріс көлемі артты.

Өсімнің негізгі факторы – жаңа өндірістік қуаттарды іске қосу болды. Бүгінде жалпы құны 252 млрд теңгені құрайтын 74 жоба пайдалануға беріліп, 4,3 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды.

#Баспасөз конференциясы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу