ҚР АШМ АӨК-ті қолдау туралы: 400 млрд теңге егіс және егін жинау жұмыстарына  қосымша бағытталады

Бүгін Үкімет отырысының қорытындысы бойынша энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев пен ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың қатысуымен брифинг өтті.

Энергетика министрі журналистерге алдағы жылу маусымына дайындық және объектілердегі апаттардың алдын алу бойынша Үкіметтің қолға алған шаралары туралы хабарлады. Уәкілетті органдар диагностика жүргізіп, ең проблемалы учаскелерді анықтағаны атап өтілді. Жөндеу жұмыстарына бюджеттен қажетті қаражат бөлінді. Бақылауды тиісті мемлекеттік органдар, оның ішінде Энергетикалық қадағалау комитеті де жүзеге асырады.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров БАҚ өкілдеріне саланы қосымша 400 млрд теңге көлемінде қаржыландыру қандай мақсаттарға бағытталатыны туралы айтып берді. Оның айтуынша, жалпы көктемгі егіс жұмыстарына қажеттілік 1,5 трлн теңгені құрайды. Жыл сайын 140 млрд теңге және форвардтық сатып алуға 40 млрд теңге бөлінді.

Биыл агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қосымша 400 млрд теңге бөлінеді, олар тартылған қаражат болып саналады. Бюджеттен тек пайыздық мөлшерлеме субсидияланады.

«Өтінімдер қабылданып жатыр, дүйсенбіден бастап аталған қаражатты игере бастаймыз. Бұл тұқымдар, гербицидтер, минералды тыңайтқыштар, қосалқы бөлшектер үшін бөлінген мақсатты қаражат. Егер барлық сома көктемде игерілмесе, біз қаражатты егін жинау жұмыстарына жұмсаймыз», — деді Айдарбек Сапаров.

Сонымен қатар АШМ басшысы журналистердің егіс науқанының тоқтап қалу қаупі туралы сұрақтарына жауап берді. Министрдің айтуынша, егістің оңтайлы мерзімін сақтау көзделіп отыр, топырақта ылғал жеткілікті. 15 мамырға дейін өңірлерде барлық ауыл шаруашылығы техникасы 100% дайындалады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу