LRT Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық көлік жүйесін жақсартады

ҚР Үкіметі отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында БАҚ өкілдеріне Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың LRT жобасын салуды одан әрі жалғастыру жөніндегі тапсырмаларын орындау шаралары туралы айтылды.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А. Көлгінов жобаны оңтайландыру жұмысы туралы ақпарат берді. Жоба шығындары $350 млн мөлшерінде қысқартылды.

Халықаралық тәжірибені ескере отырып, авиарейстерге жолаушыларды тіркеуді және аэровокзал қағидаты бойынша әуежай терминалына өтуді қарастыру ұсынылады. Әуежайға бармай, осы орындарда автоматты түрде тіркелуге болады.

«LRT құрылысы дирекциясы» ЖШС бас директоры Ә. Ермұханов LRT жобасы жер үсті метросы екенін, онда пойыздар эстакада бойынша жүретінін айтты. Бұл қаладағы трафик, қозғалыс жылдамдығы, экология және жолаушылар қауіпсіздігіне қатысты барлық мәселелерді шешетін көлік жүйесі болады.

«Пойыздарды басқару жүйесі толығымен автоматтандырылады. Яғни, пойыздарды арнайы Басқару орталығы басқарады, машинистер болмайды. Бұл автоматтандырудың мүлдем басқа деңгейі, станцияларды да, пойыздарды да техникалық жарақтандырудың мүлдем жоғары сатысы. Бұл қауіпсіздіктің жаңа деңгейі», — деп Ә. Ермұханов, оңтайландырылған жоба алдыңғы жобадан еш кем түспейтінін атап өтті.

«Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы Б. Игенбердинов елорда тұрғындары санының өсуін ескере отырып, жаңа көліктік желілік жүйелер салу қажет екенін мәлімдеді. Ол LRT құрылысы қаланы одан әрі дамыту үшін қажетті шешімдердің бірі екенін айтты.

«Келешекте LRT жүйесі бағдарлық желіні дамыту аясында көптеген мәселелерді шешеді. 2030 жылға қарай бұл аймақта (LRT бағыты бойынша) шамамен 500 мың адам өмір сүретін болады деп күтілуде. Біздің міндетіміз – барынша ыңғайлы бағдарлық желіні құру», — деді Б. Игенбердинов.

Баспасөз конференциясының соңында Премьер-Министрдің орынбасары Ж. Қасымбек Қытай Даму Банкінің қарызынан бас тарту мәселесіне түсініктеме берді.

«Қытай Даму Банкі бұл жобадан бас тартпайды. Шешімді жақында Қазақстан Үкіметі мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі қабылдады. Қаражатты ішкі нарықтан іздейміз. Жалпы, Қытай Даму Банкі ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға қарсы болмады, бірақ несие мерзімі 20 жылдан 5 жылға дейін қысқарды. Сондықтан пайызы да азаяды. ҚР Үкіметі мен қала әкімдігі үшін бұл өте тиімді. Сондықтан, біз Қытай банкінің қарызынан өзіміз бас тарттық. Бұл біздің шешіміміз», — деді Ж. Қасымбек.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу