ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметкерлердің керексіз анализдерді тағайындағаны үшін әкімшілік жауапкершілігін арттыруды жоспарлап отыр

Қазақстанда орынсыз  іс-қылығы үшін медицина қызметкерлерінің жауапкершілігін арттыру жоспарланған. Бұл туралы ҚР Үкіметінің алаңында өткен баспасөз конференциясы барысында ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында Денсаулық сақтау министрлігі тегін берілетін дәрі-дәрмектер тізімін кеңейтіп, олардың қолжетімділігін арттыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізіп жатыр. Осыған байланысты, дәрігердің тағайындауының дұрыстығына және емдеу тиімділігін қамтамасыз етуге бақылау жүргізуге мүмкіндік беретін рецептілерді беруді бақылау күшейтілді.

«Дәрі-дәрмектерді орынсыз ілгерілету де көптеген елдерде орын алған жайт, Қазақстанда да зертханалық компаниялардан сыйақы алатын керексіз тексерулерді орынсыз тағайындау фактілері бар. Олар белгілі фактілер. Емделушілерді қорғау үшін тиісті шараларды қабылдайтын боламыз», — деді денсаулық сақтау министрі. 

Мұндай шара керексіз тексерулер жүргізу санын азайтуға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде тұрғындардың шығындарын біршама төмендетеді.

Е. Біртанов Қазақстанда бір адамға денсаулық сақтауға жұмсалатын шығындар жылына $300 жуық соманы құрайтынын айтты, ал ЭЫДҰ дамыған елдерінде бұл бір адамға $4 000 құрайды, яғни 10 еседен аса айырмашылық бар.

«Тегін дәрі-дәрмектер беріледі, бірақ барлық анализдердің шығыны өтелмейді. Бүгінде Қазақстан әрбір азаматтың денсаулығын қорғауға бөліп отырған шығындар барлық заманауи медициналық технологияларды қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз», — деді министр.

Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы атап өткендей, азаматтар қымбат тұратын процедураларға, оның ішінде ерікті медициналық сақтандыруға да өздері ақы төлеуге мәжбүр. Бірақ, МӘМС енгізу бұл соманы екі есеге арттыруға мүмкіндік береді.

«МӘМС енгізу осы шығынды 2 есеге арттыруға мүмкіндік береді. Біз 2025 жылға қарай бір қазақстандыққа шаққанда бұл қаржы көлемі жылына $600 жуық соманы құрайтын болады деп шамалап отырмыз», — деп нақтылады сала басшысы.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу