Оңтайландырылған қаражаттар әлеуметтік төлемдерді қамтамасыз етуге бағытталады — Қаржы министрлігі

Сыртқы факторларға байланысты қалыптасқан экономикалық жағдайларда мемлекеттік бюджеттің теңгерімділігі мен тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылданатын болады. Бұл туралы ҚР Үкіметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР қаржы бірінші вице-министрі Берік Шолпанқұлов мәлімдеді.

«2020 жылы 4 трлн 816 млрд теңге көлемінде қаржы түседі деп жоспарланған. Мұның барлығы Ұлттық қорға бағытталады. Республикалық бюджетке экспорттық кеден бажы түрінде 1 трлн 019 млрд теңге көлемінде кіріс түседі. Егер мұнай бағасы $25 төмен болған жағдайда — бұл төлемдер нөлге тең болады, яғни түсім болмайды. Мұнай секторынан түскен қалған төлемдер Ұлттық қорға бағытталады», — деп хабарлады Б. Шолпанқұлов.  

Бюджетті нақтылау тұрғысынан бүгінде шығыстарды оңтайландыру шаралары қабылданатын болады.

«Қымбат жиһаз, автокөлік сатып алынбайды, имидждік іс-шаралар шектеледі, сондай-ақ басым емес шығындар болмайды. Аталған шаралар ең алдымен әлеуметтік төлемдерді қамтамасыз етуге бағытталады. Әлеуметтік төлемдер толық көлемде төленеді және мемлекеттің міндеттемелері де уақытылы орындалады. Өткен жылдары мұнай бағасы барреліне $30-дан төмен түсіп, ҚР бюджеті дағдарысқа қарсы жоспардың дер кезінде қабылданғанына байланысты осы міндетті оңай әрі жедел орындап шықты. Барлық тиісті есептер дайын, біз бірінші тоқсанның қорытындысын күтеміз», — деді бірінші вице-министр. 

Б. Шолпақұлов атап өткендей, бұл шығыстар бойынша алдын ала жұмыстар жүргізілді. Мемлекеттік органдардың, өңірлер мен квазисектор субъектілерінің әр әрекеті белгіленген Жол картасы бекітілді, қазіргі жағдайда басымдыққа ие емес, кейін де іске асыруға болатын жобалар мен шаралар кейінге қалдырылды. 

Айта кетейік, 2020 жылға 68 нысанды іске асыру жоспарланған. 34 нысан сатуға шығарылды. Қаңтар-ақпан айларында 3,2 млрд теңге сомасына 6 нысан сатылды. 28 нысан сатылу барысында. 3 нысан қайта құру мен таратуға бағытталған. 31 нысан жыл соңына дейін сатуға қойылады. Есепті кезеңде бюджеттің орындалу көрсеткіштері осындай. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу