ҚР Үкіметі өзекті әлеуметтік мәселелерді шешу бойынша шұғыл шаралар пакетін әзірледі

Халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған шұғыл әлеуметтік шаралар туралы Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары – қаржы министрі Ә. Смайылов айтып берді.  

Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары – қаржы министрі Ә. Смайылов атап өткендей, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Үкіметі халықтың әл-ауқатын арттырудың өзекті әлеуметтік мәселелерін шешу мақсатында әлеуметтік сипаттағы шұғыл шаралар пакетін әзірледі. 

Осы жылдың соңына дейін 300 мыңнан астам жұмыссыз әрі өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қамтылады. Соның ішінде «Бастау Бизнес» және «Жас кәсіпкер» бағдарламалары аясында қысқамерзімді кәсіптік оқытудан өтеді. 

Өз ісін ашуға мүдделі азаматтарға жеңілдікті несиелік қаражаттар мен гранттар беру арқылы кәсіпкерлік қызметті ынталандыруға үлкен көңіл бөлінеді. Халықтың аса әлжуаз топтарына атаулы әлеуметтік көмек беру процесінің тиімділігін арттыру көзделген. 

«Үкімет пен Ұлттық банктің маңызды міндеті – баспана қолжетімділігін кеңейту. Осы мақсатта халықтың аз қамтылған топтарына арендалық тұрғын үй құрылысының көлемі екі есе ұлғайтылады (жылына 20 мың пәтерге дейін) және жұмыс істейтін жастар үшін үш есеге ұлғайтылады (жылына 1 мыңнан 3 мыңға дейін)», — деді Ә. Смайылов.

Барлық өңірде ыстық тамақ беру, тегін жол ақысы, мектепке қажетті заттармен қамтамасыз етуді қоса алғанда, аз қамтылған отбасылардың балалары үшін әлеуметтік қолдау шаралары жүйелендіріледі.

Жастарды өндірістік жұмысқа белсенді тарту бойынша нақты шаралар қабылданады. 1 қыркүйектен бастап 123 мың адамды қамти отырып, ТжКББ-де жұмысшы мамандықтары бойынша оқитын жастардың шәкіртақылары 30% ұлғайтылады.

«Аталған шараларды қабылдау қазақстандықтардың тұрмыс сапасы мен әлеуметтік көңіл-күйінің жақсаруына жаңа серпін береді», —деп түйіндеді Ә. Смайылов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу