Әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз етуде ешқандай проблема болмайды — ҚР Энергетика министрлігі жылу беру кезеңіне дайындық туралы

Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясы барысында ҚР энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов электр желілерін жаңғырту және жылыту маусымына дайындық жұмыстары туралы айтып берді. 

Оның айтуынша, Қазақстанда электр желілерін жаңғырту штаттық режимде жүргізіліп жатыр.

«Барлық жетекші ұйымдар табиғи монополиялар субъектілері болып табылады және оларды Табиғи монополиялар комитеті реттейді, сондықтан бекітілген инвестициялық бағдарламалары бар тиісті орташа мерзімді тарифтер бар. Сондықтан тариф арқылы айтарлықтай маңызды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр, сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардың есебінен салынып жатқан жаңа құрылыс бар. Сондай-ақ, ірі қалалардың маңындағы мекендерде мемлекет жаңа электр желілерінің құрылысын қаржыландырады, бұл тұрғыдан бақылау жасалған», — деді энергетика вице-министрі.  

Сонымен бірге, С. Есімханов бүгінде 428 қазандық жөндеуден өткенін, бұл жылдық жоспардың 93 пайызын құрайтынын айтты.

«Біздің елімізде мектептер мен ауруханаларда автономды қазандықтар өте көп, сондықтан жылумен қамтамасыз етуде проблемалар болмайды. Сондай-ақ, қауіпсіздік шаралары бойынша қазандықтар бөлек тұруы үшін оларды жертөледен шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр», — деді вице-министр.

Сонымен қатар, С. Есімханов жылу желілерінің температуралық кестелері Энергетика министрлігі мен Энергетикалық қадағалау комитетінің сайттарында жарияланғанын атап өтті. Аталған кестелер сақталмаған жағдайда, ең алдымен, температуралық жағдайды қамтамасыз ететін жылу беруші ұйымдармен байланыс орнату қажет. Әкімдікпен бірге қажетті орындарға барып, себептерін анықтайтын комиссиялар құрылады.

«Мұндай жүгінулер біздің Энергетикалық қадағалау комитетімізге де келіп жатады. Ондай кезде біздің аумақтық департаменттеріміз дереу мәселені анықтауға барады. Сондықтан да аумақтық энергетикалық қадағалау департаменттеріне қосымша хабарласуға болады. Барлық мәліметтер мен координаттар сайтта жарияланған», — деді вице-министр.







 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу