15 Сәуір 2025, 18:30
Үкімет отырысының қорытындысы бойынша су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, сондай-ақ төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаевтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.
Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаевтың айтуынша, өрт қаупі жоғары кезеңге байланысты мүдделі мемлекеттік органдар бірлесіп жұмыс алгоритмін бекіткен. Бұл өрт шыққан орындардан жедел ақпарат алу, соған сәйкес күштер мен құралдарды дер кезінде жұмылдырып, өртті сөндірудің тиімді тактикасын қолдануға мүмкіндік береді.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев қазіргі уақытта бірнеше аймақ өртті ерте анықтау жүйесімен қамтылғанын атап өтті. Жалпы қамтылған аумақ 1,3 млн гектар. Биыл «Семей орманы» резерватының 600 мың гектар аумағына өртті ерте анықтау жүйесін енгізуге бюджеттен 3,1 млрд теңге қарастырылған. Осылайша, резерват аумағының шамамен 90%-ы аталған жүйемен қамтылады. Оны биыл мамыр айының соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр.
Қорытындылай келе, төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев азаматтарды өрт қаупі жоғары кезеңде сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырды. Ол қазіргі ауа райы жағдайлары орманды алқаптарда, далалық жерлерде, саяжайларда және елді мекендер маңында өрт шығу қаупін едәуір арттырып отырғанын атап өтті. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін қарапайым ережелерді сақтау қажет: ең алдымен, әрбір азамат табиғат аясында және тұрғын үйлер маңында от жақпауға, құрғақ шөп, қоқыс және тұрмыстық қалдықтарды өртемеуге, сөндірілмеген темекі немесе сіріңке тастамауға тиіс. Түтін я жалын байқаған жағдайда, дереу «101» немесе «102» нөмірлеріне қоңырау шалу қажет.
#Баспасөз конференциясыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу