Ірі мұнай өндіру зауыттарында қазір мұнай өндірісі жоғары деңгейде - ҚР ЭМ

Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған мұнай өндіру бойынша негізгі кен орындары, олардың үлесіне өндірілетін барлық мұнай көлемінің 60%-ы тиесілі. Қашағанда 3 желтоқсандағы жағдай бойынша тәуліктік мұнай өндіру 37 891 тоннаны құрады. Бұл туралы ҚР Үкіметінде өткен баспасөз конференциясында энергетика вице-министрі Әсет Мағауов хабарлады. 

Оның айтуынша, Қашағанда жоспардан тыс жұмыстар жалғасуда, жуырда бұл жұмыстар аяқталады деп күтіліп отыр. Қазіргі мұнай өндірісі жоғары деңгейде. Тәулігіне 37 900 тоннаға жуық мұнай өндірілуде. 

Бұдан әрі Теңіздегі болашақ кеңейту жобасын аяқтау көзделген, бұл 2023 жылдың өзінде 100 млн тоннаға жуық мұнай өндірудің тұрақты деңгейіне шығуға мүмкіндік береді. 

«Болашақ кеңейту жобасы белсенді фазасында, жобаның жалпы құны $36,8 млрд деп бағаланып отыр. Біз жоба кесте бойынша аяқталады деп күтіп отырмыз. Сонымен қатар, 11,5 млн тонна деңгейіндегі мұнай өндіру көлемінің ағымдағы жоспарын қолдау бойынша үлкен жоба Қарашығанақ кен орнына қатысты, бұл жоба да сәтті іске асырылып жатыр, жалпы салымдар $3 млрд көлемінде бағалануда», - деді энергетика вице-министрі.

Ә. Мағауов сонымен қатар жанармай бағасы мен мұнай өнімдері нарығындағы бағаны реттеу туралы мәселеге түсінік берді. Оның айтуынша, Қазақстан жанар-жағармай станциялары болып табылатын түпкі өткізушілер мен бензиннің көтерме көлемін жеткізушілер және өндірушілер арасында ашық өзара қарым-қатынас орнатуға ұмтылады. 

«Соңғы екі жылда бензин мен дизель отынының бағасы реттелмейді. Тапшылық кезінде бағасы өте жоғары болды, Өткен жылы және осы жылдың басында біз бензиннің мол қорын байқадық, сондықтан бағасы да түсті. Егер қазіргі бағаларды өткен жылдың кезеңіндегі бағалармен салыстыратын болсақ, біз оның төмендегенін көреміз. Біз мұнай өнімдері нарығында транспарентті қарым-қатынастар орнату үшін жұмыс істеудеміз, өйткені, түпкі тұтынушы  бұл көлемдерді делдалдарсыз алуы керек», — деді вице-министр.

Ә. Мағауов атап өткендей, нарық тетігі мұнай өнімдерінің құнын қандай да бір сыртқы факторларсыз реттейді. 

«Егер мысалы, авиакеросинді алсақ, өткен жылы біз ресейлік нарыққа тәуелді болған кезімізде авиакеросиннің 60%-ға жуығы Қазақстанға әкелінді, біз РФ экспортының бағасы деңгейіне бағдарландық. Тиісінше, авиакеросин бағасы бір тоннасы үшін $700 дейін жетті. Біз өзімізге қажетті көлемді қамтамасыз ете алған сәттен бастап нарықта жағдай тұрақталды, биыл оның бағасы бір тоннасы үшін $550-560 дейін төмендеді. Қазіргі нарық тетігі нарықтағы қажеттіліктермен және сұраныстармен сай келетін барабар бағаны қоюға мүмкіндік береді», — деді вице-министр.

Министрлік экспорт көлемін реттеп, ішкі нарықта оның тапшылығы мен молдығына жол бермеуге тырысады. Қараша айында 80 мың тонна бензин экспортталса, желтоқсан айында 100 мың тоннасын экспорттау жоспарланған.  

Сонымен қатар, Ә. Мағауов атап өткендей, басқа учаскелерде мұнай өндіруді ынталандыруға зор көңіл бөлінеді.  

Саланың инвестициялық тартымдылығын жақсарту және ресурстық базаны толтыру үшін заңнамалық реформалар жүргізіліп, жаңа Салық кодексі мен Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекс қабылданды. 

«Үлкен салықтық ынталандырулар ұсынылды. Бірінші кезекте бұл теңіз және тым терең кен орындарына қатысты. Мұнда жер қойнауын пайдалануға баламалы салық енгізу мүмкіндігі ұсынылған. Яғни, жер қойнауын пайдаланушылардың рента салығы, пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық, асыра түскен табысқа салынатын салық тәрізді ағымдағы салығының орнына жер қойнауын пайдаланушы табысына салынатын салықтың көтерілген мөлшерлемесін төлеуді таңдай алады», — деді вице-министр.

Ә. Мағауовтың айтуынша, бұл шара теңіз жобалары мен құрлықтағы геологиялық барлау жұмыстарына деген қызығушылықтың артуына әкелді. 

Сонымен қатар, жер қойнауын пайдаланушыларға құрлықта геологиялық барлау жұмыстары сәтсіз жүргізілген жағдайда шығындарды өздерінің кен өндіру келісімшарттары бойынша есептен шығаруға жатқызу мүмкіндігі берілген, бұл олар үшін зор ынталандыру болып табылады. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу