Үкімет отырысының қорытындысы бойынша баспасөз конференциясы: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ылғалды көп қажет ететін дақылдардан тиімділігі жоғары және нарықта сұранысқа ие дақылдарға көшу жөніндегі жұмысты жалғастырады

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша ҚР ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, ҚР су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров және ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

Баспасөз мәслихаты барысында Айдарбек Сапаров Қазақстанның оңтүстігіндегі егіс алқаптарын әртараптандыру шеңберінде ылғал көп қажет ететін дақылдардан тиімділігі жоғары және нарықта сұранысқа ие дақылдарға көшу жөніндегі жұмыстар жалғастырылатынын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанда күріш пен бидай сияқты дақылдарды қысқарту жоспарлануда. Алайда, бұл халықтың аграрлық саладағы жұмыспен қамтылуына әсер етпейді. Оңтүстікте ылғал көп қажет ететін дақылдардың азаюы жұмыс орындарының қысқаруына әкелмейді.

Министр мақтаға ерекше назар аударылатынын айтты. Оның егістік алқаптары азаймайды. Оның орнына дәстүрлі суару әдістерін қолдану азаяды, яғни суды үнемдеу технологиялары белсенді түрде енгізілуде. Егер бұрын мұндай технологиялар небәрі 1,5 мың гектарға қолданылса, 2025 жылға қарай олардың ауданы 50 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Биыл су үнемдеу технологияларын қолдануды тағы 29 мың гектарға кеңейту жоспарлануда. Бұл ретте дәстүрлі технологиялар бойынша суару алаңы 12 мың гектарға қысқартылатын болады. Жалпы мақта дақылдарының құрылымы өзгеріссіз қалады – 169 мың гектар. Осылайша, Айдарбек Сапаров атап өткендей, егіс алқаптарын әртараптандыру ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруға, су ресурстарын үнемдеуге және жұмыс орындарын сақтауға бағытталған.

Нұрлан Алдамжаров судың "қара нарығына" қарсы күрес аясында Су ресурстары және ирригация министрлігі Бас прокуратурамен бірлесіп арнайы жол картасын бекіткенін хабарлады. Жүргізіліп жатқан жұмыстар шеңберінде заңнаманы бұзатын жосықсыз су пайдаланушылар ғана емес, сонымен қатар су берушілерге де мониторинг жүргізілетін болады. Олар «Қазсушар» РМК және су сататын коммуналдық кәсіпорындар болуы мүмкін.

#Баспасөз конференциясы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу