26 Мамыр 2026, 18:30
Үкімет отырысының қорытындысы бойынша оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мен ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.
Саясат Нұрбек биыл жоғары білімді кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі алдыңғы оқу жылдарының деңгейінде сақталатынын айтты.
Ведомство мәліметінше, алдағы 2026-2027 оқу жылына 89 457 мемлекеттік грант бөлінді. Мемлекеттік тапсырысты бөлу ел экономикасының 2030 жылға дейінгі кадрларға деген қажеттілік болжамымен үйлестірілді. Гранттардың 60%-ы инженерлік-техникалық, ІТ және ауыл шаруашылығы мамандықтарына бағытталды. 21%-ы педагогикалық кадрларды даярлауға бөлінді.
Бұдан бөлек, ғылым және жоғары білім министрі қазақстандық жоғары оқу орындарының халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштері жақсарып келе жатқанын да атап өтті. Оның айтуынша, соңғы бес жылда ел университеттері әлемдік деңгейдегі орындарын тұрақты түрде нығайтып келеді. Министр бүгінде QS халықаралық рейтингіне Қазақстанның 27 жоғары оқу орны енгенің атап өтті. Бірқатар университет әлемнің топ-300, топ-500 және топ-200 жоғары оқу орны қатарына кірді. Оның ішінде ең үздік көрсеткіш 163-орын – әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне тиесілі. Сонымен қатар алғаш рет Қазақстанның бес жоғары оқу орны Times Higher Education рейтингінде әлемнің үздік 300-400 университеті тобына енді.
Жұлдыз Сүлейменова Қазақстанда балалар лагерьлерін лицензиялау кезінде интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша жаңа міндетті талап енгізілгенін айтты. Министрдің сөзінше, әр лагерь 40 баладан тұратын топқа кемінде 20 Мбит/с интернет жылдамдығын қамтамасыз етуі тиіс. Лицензиялау бірнеше бағыт бойынша жүргізіледі: санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің, өрт қауіпсіздігі қызметінің рұқсаты талап етіледі, сондай-ақ балалардың ауыз сумен қамтамасыз етілуі де міндетті талаптардың бірі ретінде қарастырылған.
#Баспасөз конференциясыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу