Үкімет отырысының қорытындысы бойынша баспасөз конференциясы: бизнеске мемлекеттік қолдау көрсетудің 87 шарасы онлайн форматқа көшіріледі

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша баспасөз конференциясы өтті. Оған ҚР жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин, ҚР ұлттық экономика вице-министрі Бекболат Молдабеков, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова қатысты.

Ростислав Коняшкин eGov 3.0 порталы іске қосылғанын және тұрақты жұмыс істеп тұрғанын әрі барлық пайдаланушыларға қол жетімді екенін атап өтті. Орта есеппен мемлекеттік қызметтерді алу үшін қажетті қадамдар саны екі есеге қысқартылды. Жыл соңына дейін тағы кемінде 150 қызметті іске қосып, оларды бір мезетте eGov GPT жүйесіне енгізу жоспарлануда. Бүгінде жаңа форматта 20 мыңнан астам қызмет көрсетілді. 

Сондай-ақ Транскаспий ТОБЖ құрылысы белсенді кезеңге өткені атап өтілді.

Талшықты-оптикалық байланыс желісінің кабелі Бакуге жеткізіліп, арнайы кабель төсеу кемесіне тиелді. Кеме Ақтау бағытына қарай желіні төсеу жұмыстарына кірісті. Кабель төсеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Жоспарланған барлық жұмыстарды 2026 жылдың соңына дейін аяқтау көзделген.

Бекболат Молдабековтің айтуынша, кәсіпкерлерді қолдаудың 87 шарасы онлайн форматқа көшіріледі. Қазіргі уақытта «Бәйтерек» ҰБХ арқылы eGov Business платформасында 67 мемлекеттік қолдау шарасы онлайн форматта көрсетіледі. Алдағы уақытта мемлекеттік қолдаудың барлық шарасы eGov Business платформасында қолжетімді болады.

Ләззат Ибрагимова атап өткендей, 2026 жылдың басынан бері 10,8 мыңнан астам қазақстандық баспаналы болды. 2025 жылы 15,2 мыңнан астам адам өз пәтерінің иесі атанды. Сонымен қатар тағы 13,4 мың адамға жалға берілетін пәтерлер бөлінді.

#Баспасөз конференциясы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу