Үкімет отырысының қорытындысы бойынша брифинг: азық-түлік қауіпсіздігі және фермерлерді қолдау

Үкімет үйінің Баспасөз орталығында Үкімет отырысының қорытындысы бойынша брифинг өтті. Журналистердің сұрақтарына Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин мен ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жауап берді.

Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын қалай ұстап тұр және олардың өсу қаупі бар ма? Вице-премьер елдегі ұн мен нан бойынша қазіргі ахуал туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Бұл өнімдер қымбаттамауы үшін Азық-түлік корпорациясының қорлары пайдаланылып жатыр, логистика мәселелері де реттеледі.

Жалпы елімізде азық-түлік тауарларының қажетті қорлары жиналған. Журналистерді тауық жұмыртқасының бағасы алаңдатты. Серік Жұманғарин өнім бағасының шынымен де құбылмалы екенін атап өтті. Мұның себептерінің бірі – құс фабрикаларының айналым капиталының жетіспеушілігі. ӘКК өндірушілерден тікелей сатып алуға міндетті 9 тауарға жұмыртқаны қосу туралы шешім қабылданды. Вице-премьердің айтуынша, мұндай шара нарықтағы жағдайды жақсартуы керек.

Ауыл шаруашылығы министрі БАҚ өкілдеріне Азық-түлік корпорациясының қорлары үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден бидайды тікелей сатып алу рәсімі туралы айтып берді. Оған 31 млрд теңге көлемінде қаражат бөлініп, әділ бағалар белгіленді. Астық сатып алу бір аптадан кейін басталады деп күтілуде, шағын шаруашылықтардан бидай сатып алу – басымдыққа ие.

Жем-жөп базасына келер болсақ, бүгінде 24,2 млн тонна шөп немесе жоспарланған көлемнің 98%-ы дайындалды. Биыл нарықта санаты жоқ астық көп болады, ол да жем-шөпке жұмсалмақ, деп атап өтті министр. Павлодар облысындағы жағдай туралы журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, Айдарбек Сапаров бүгінгі таңда қорлар жеткілікті екенін, сондай-ақ бизнеске 100% субсидия төленетінін айтты. Қосымша көлемдер көрші өңірлерде – СҚО мен Ақмола облысында дайындалған.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу