03 Қараша 2026, 17:25
Үкімет отырысының қорытындысы бойынша денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың, ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Азамат Әмриннің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.
ЕТЖ арттыру: 1,8 млн-ға жуық азаматтың жалақысын көтеруге 426 млрд теңге бағытталады
Мемлекет басшысы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін арттыруды тапсырды. Бұл өсім 1,8 млн-ға жуық азаматты, оның ішінде бюджет саласының 370 мыңнан астам қызметкерін қамтымақ.
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин алдын ала есептеулер бойынша еңбекақы төлеу қорының ұлғаюы шамамен 426 млрд теңгені құрайтынын айтты. Заңды тұлғалар үшін еңбекке ақы төлеуге арналған шығыстардың өсуі салық шегерімдерінің ұлғаюымен қатар жүретін болады, бұл корпоративтік табыс салығы бойынша міндеттемелерді шамамен 68 млрд теңгеге қысқартуға мүмкіндік береді.
Қазақстанда инфляцияның баяулауы жалғасуда
Үкімет Ұлттық банкпен және салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп инфляцияны төмендету жөніндегі шараларды жүзеге асыруды жалғастыруда: 1 қарашадағы жағдай бойынша оның көрсеткіші 9,2%-ға дейін төмендеді.
«Өткен жылы ең жоғарғы инфляция 12,6% болды. Біз қазір оны 12 ай бойы жоспарлы түрде төмендетіп жатырмыз. 9 айдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 9,3% болды. Ал 1 қарашадан бастап, кеше ғана, жаңа нәтижелер шықты – 9,2%. Яғни, біз инфляцияны одан әрі төмендетуді жалғастырудамыз», — деп атап өтті ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин.
Инфляцияның баяулау факторларының бірі – азық-түлік бағасының төмендеуі. Үкімет пен Ұлттық банктің бірлескен жоспары шеңберінде тарифтер мен ақылы қызметтердің инфляцияның жалпы деңгейіне әсерін шектеу жөніндегі шаралар да көзделген.
Бастауыш буын медицина қызметкерлеріне үздіксіз жұмыс өтілі үшін үстемеақы ұлғайтылады
Қазақстанда алғашқы медициналық-санитариялық көмек қызметкерлерінің еңбекақысына үздіксіз жұмыс өтілі үшін сараланған үстемеақылар қосылады, бұл кадрлар тапшылығын, персонал тұрақсыздығын азайтуға және учаскелерде мамандарды орнықтыруға мүмкіндік береді.
«Мемлекет басшысы алғашқы медициналық-санитариялық көмек мамандарына үстемеақы мөлшерін арттыруды тапсырды. Осы арқылы біз мамандарды өз учаскелерінде және жалпы МСАК жүйесінде тұрақтандыру, кадр тапшылығын азайту және медициналық көмек көрсету сапасын қамтамасыз ету міндеттерін шешеміз. Медицина қызметкерлерін лайықты жалақымен қамтамасыз ету мәселелері тұрақты бақылауда», – деді денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Үстемеақыларды арттыру халықпен тікелей жұмыс істейтін медицина қызметкерлерін қосымша ынталандырып, медициналық бастапқы буын мекемелеріндегі жұмыстың тартымдылығын арттырады.
Үздіксіз жұмыс өтілі үшін берілетін жаңа қосымша ақылар бұрын мұндай төлемдерді алмаған патронаждық медбикелер мен әлеуметтік қызметкерлерге де беріледі.
Дәрі-дәрмектерді таңбалау, бес есе үнемдеу және фармацевтикалық дербестік: Қазақстанда препараттардың бағасына бақылау күшейтілді
Қазақстанда таңбалау жүйесін енгізудің арқасында көтерме-бөлшек сегментте дәрі-дәрмектерге шекті бағалардың сақталуына цифрлық бақылау орнатылды. Жүйе белгіленген нормаларды жоғарылатқан дәріхана ұйымдарын нақты уақыт режимінде анықтауға және заңбұзушыларға әкімшілік шаралар қолдануға мүмкіндік береді. Дәрі-дәрмек құнының төмендеуіне баға құрау ережелерін түбегейлі қайта қарау септік етті. 2025 жылдың шілдесінде Денсаулық сақтау министрлігі дәріхана желілері үшін жаңа төмендетілген бағалар шегін бекітті. Сонымен қатар, дәрі-дәрмектерді сатып алу тәсілдері өзгерді және өндірушілермен, оның ішінде халықаралық ұйымдармен тікелей келісімшарттарға көшу Бірыңғай дистрибьютор тізбесі бойынша үнемделген бюджет қаражатының көлемін бес есеге арттыруға мүмкіндік берді.
«Инвестициялық келісімдер тетігі арқылы біз дәрі-дәрмекпен қамтудағы дербестікке қол жеткізіп келеміз. Премьер-министр бүгін атап өткендей, жай ғана орап-қаптаудан бас тартып, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар өндірісінің толық циклін жолға қою стратегиялық міндетке айналуы тиіс. Бұл дәрі-дәрмекті сырттан жеткізуге тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді», — деді денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Диагностикадан емдеуге дейін: еліміздегі онкологиялық көмекті толығымен мемлекет қаржыландырады
Онкологиялық аурулар кезіндегі бастапқы скринингтен және күдіктен бастап жоғары технологиялық терапияға дейінгі медициналық көмектің барлық түрлері 100% мемлекет тарапынан қаржыландырылады және МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебесінің болуын талап етпейді. 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап онкологияға қатысты скринингтік зерттеулер МӘМС жүйесінен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі пакетіне (ТМККК) ауыстырылды, бұл ерте анықтауды барлығына қолжетімді етті.
«Әуелгі күдіктен, толық диагностикадан, диагноз қоюдан бастап хирургиялық, сәулелік емдеуге, химиотерапияға, оңалтуға және паллиативке дейінгі бүкіл онкологиялық көмек бүгінде толығымен мемлекет есебінен өтеледі. 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап МСАК деңгейінде тексерілудің базалық пакеті сақтандырылу мәртебесіне қарамастан кез келген азаматқа қолжетімді болады», — деп атап өтті денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Қазіргі уақытта мемлекеттік қамтамасыз етумен есепте тұрған 255 мың және осы жылдың басынан бері алғаш рет анықталған 45 мыңға жуық азамат қамтылған.
#Үкімет отырысыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу