2020 жылы ерекше қажеттіліктері бар адамдарды жұмыспен қамтудың жаңа тетіктері әзірленеді — ҚР ЕХӘҚМ



ҚР Үкіметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов ерекше қажеттіліктері бар адамдарды жұмыспен қамтудың әртүрлі формаларымен қамту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.

Министрдің айтуынша, бүгінде Қазақстанда 690 мың мүмкіндігі шектеулі адам тұрады. Олардың 424 мыңы еңбекке жарамды жаста, оның ішінде 224 мың адам жұмысқа қабілетті.

«224 мың мүгедектігі бар адамның 106 мыңы жұмыс істейді. Біз олардың экономикалық белсенділігін арттыру бойынша шаралар кешенін қабылдау туралы алдымызға міндет қойып отырмыз, өйткені мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа алмау мәселесі де бар екені рас», — деді Б. Нұрымбетов.

Министр бүгінде заңнамаға сәйкес жергілікті атқарушы органдар осындай азаматтар үшін кәсіпорындарда квоталар белгілей алатынын атап өтті.

«Квота 2-ден 4%-ға дейін белгіленеді. Қазіргі таңда олардың саны 14,5 мың бірлікті құрайды, олар орындалып жатқан жоқ, жұмыс берушілер қабылдамайды», — деді ведомство басшысы.

Мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту жүйесін жетілдіру мақсатында әлемдік тәжірибе зерделенді.

«Түрлі елдердің тәсілдері де әртүрлі. Мәселен, Канадада, егер кәсіпорын квотаны орындамаса, онда ол мемлекеттік сатып алуларға қатыса алмайды. Германия мен Жапонияда мүмкіндіктері шектеулі жандарды жұмысқа алудан бас тартқан компаниялар мемлекетке өтемақы төлейді. Сондықтан біз бұл идеяны үлгі ретінде алдық, оны барынша пысықтаймыз, тетіктерін ойластырамыз: мүгедектігі бар адамды оқытып, басқа жұмысқа орналастыру үшін қандай мөлшерде квота белгілеу керек екенін қарастырамыз», — деді Б. Нұрымбетов.

Оның айтуынша, қазір бұл мәселе әзірге идея деңгейінде, дегенмен, 2020 жылы қабылдануы тиіс заң жобасының тұжырымдамасы әзірленді.

Сонымен қатар, министр келесі жылы ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылатынын атап өтті.

«Бүгінгі таңда мүмкіндіктері шектеулі жандар оңалтудың әртүрлі қызметтері мен тауарларын алады. Бұл арнайы әлеуметтік қызметтер, оңалту құралдары, ымдау тілінің мамандары, жеке көмекшілер және шипажайлық-курорттық емдеу. Қазір мұның бәрі мемлекеттік сатып алу арқылы жүзеге асырылады, бұл қызмет көрсету мен тауарларды ұсыну мерзімін аса ұзаққа созып жібереді», — деді министр.

Жаңа порталдың мәні мынада — енді мүгедектігі бар адам жеткізушіні өзі таңдай алады.

«Біз мемлекеттік сатып алу жүйесінен шығамыз, бұл ақпараттық интернет алаң болады, онда бір жағынан барлық тауарлар мен қызметтерді жеткізушілер болады, ал екінші жағынан мүмкіндіктері шектеулі жандардың өздері болады», — деп түйіндеді министр.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу