«Еңбек» бағдарламасы аясында 416 мың адам жұмысқа орналастырылды — Б. Сапарбаев

Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев 2019 жылы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асырылуы туралы айтып берді. 

«Үш жыл бойы Қазақстанда «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылды. Оның басты мақсаты — қазақстандықтарға еңбекке орналасуда көмек көрсету. Бұл оқытуды, белгілі бір мамандық бойынша дағдылар ұсынуды, гранттар мен төмен пайызбен шағын несие беруді қарастырады», — деді Б. Сапарбаев. 

Мәселен, биыл 11 айда жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту шараларымен 623 мың қазақстандық қамтылды, оның ішінде 416 адам жұмысқа орналастырылды, 131 мың адам оқытылды, 46 мың грант пен шағын несие берілді. Бұл мақсаттарға 176 млрд теңге бағытталды. 

Сондай-ақ, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасының үшінші бағыты аясында Маңғыстау, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Түркістан облыстары, Нұр-Сұлтан қаласы сияқты еңбекке жарамды адамдары мол аймақтан Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан тәрізді еңбек күші аз аймақтарға азаматтарды көшіру көзделген. Биыл еліміздің оңтүстік өңірлерінен солтүстігі мен шығысына 9 мыңға жуық адам қоныс аударды. Бүгінде Нұр-Сұлтаннан Екібастұзға 200-ге жуық адам көшірілді. Олар жұмыспен және баспанамен қамтамасыз етілді. Енді аталған тәжірибені Ақмола және Қарағанды облыстарына тарату жоспарда бар.

Келесі жылдан бастап «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасында өзгерістер күтілуде. Мәселен, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша жүргізіледі, «Алғашқы жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімшарты» жаңа тетіктері енгізіледі, көшу өңірлеріне Алматы қаласы кіретін болады, ал Ақмола және Қарағанды облыстары қабылдау өңіріне айналады. 

Кәсіпкерлік белсенділігін ынталандыру мақсатында көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін шағын несиелендіру шарттарын жеңілдету жоспарланған. Атап айтқанда, оның мөлшерлемесін 6%-дан 4%-ға дейін төмендету, шағын несие беру мерзімін 5 жылдан 7 жылға дейін ұзарту және  «Атамекен» ҰКП бизнес-жобаларды бір жылдан екі жылға дейін сүймеледеуі көзделген. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу