Қазақстан Президенті АҚШ-тың ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джордж Кролмен кездесті

Мемлекет басшысы кездесу барысында Джордж Кролға Қазақстандағы жемісті еңбегі үшін ризашылық білдіріп, дипломаттың екі жақты байланыстардың дамуына ерекше үлес қосқанын атап өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

«Сіз жұмыс істеген уақытта елдеріміз арасындағы жемісті қарым-қатынастар нығая түсті. Қаңтар айындағы АҚШ-қа сапарым барысында Президент Д. Трамппен кездестім. Біздің экономикалық ынтымақтастығымыз жаңа деңгейге көтерілді. Қол жеткізген барлық уағдаластықтар табысты жүзеге асырылуда. Мұның бәрінде сіздің үлесіңіз мол. Сіз қазақ тілі мен мәдениетін насихаттап жүрсіз. Өзара қарым-қатынастарымыздың нығаюына зор еңбек сіңірдіңіз. Сізді Қазақстанның досы болып қала береді деп сенемін», — деді Елбасы.

Д. Крол Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық қызметіне жоғары баға бергені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтып, Қазақстандағы мәртебелі жұмысын зор жауапкершілікпен атқарғанын атап өтті. Елші, сондай-ақ, атқарған қызметінің екі ел арасындағы қарым-қатынастардың одан әрі дамуына септігін тигізетініне сенім білдірді.  

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Америка Құрама Штаттарының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джордж Кролды дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы бейбітшілікті, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу