Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі қызметіне Кәрім Мәсімовті тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Кәрім Мәсімовті Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі қызметіне тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. 

«Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабына сәйкес Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісінің қарауына Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі лауазымына К.Мәсімовтің кандидатурасын ұсынды», - деп хабарлайды Ақорда сайтында. 

«Қазір біз жаңа бағдарламаны жүзеге асыруға кірісіп жатырмыз. Маған мерекелерден соң дереу жұмысқа кірісетін комиссияны бекіту қажет. Істің мән-жайын ұғынуға уақыт шығындамас үшін, менің ойымша, бізге Үкімет жұмысының сабақтастығын сақтаған жөн. Кәрім Мәсімовтің қолынан келеді, оның әлеуеті, тиісті білімі бар, біз оған жүргізіліп жатқан жұмысты әрі қарай жалғастыруды сеніп тапсыра аламыз», - деді Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісінде сөйлеген сөзінде. 

Парламент Мәжілісінің депутаттары Премьер-Министр лауазымына К.Мәсімовтің кандидатурасын бірауыздан мақұлдады.

Өз сөзінде К.Мәсімов көрсетілген сенім үшін ризашылық білдіріп, қойылған міндеттерді орындау үшін барлық күш-жігері мен білім-білігін жұмсайтынын айтты.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу