ҚР Президенті сенім грамотасын қабылдау рәсіміне қатысты

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

Сенім грамотасын қабылдау рәсімі барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Америка Құрама Штаттарының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Уильям Мозерді еліміздегі дипломатиялық қызметінің ресми түрде басталуымен құттықтады. Сондай-ақ, екі жақты қарым-қатынастарды нығайту үшін осы оқиғаның маңызды екенін айтты.

«Біз Қазақстан мен Америка арасындағы қарым-қатынастардың қазіргі деңгейін жоғары бағалаймыз. Мемлекеттің жаңа басшысы ретінде маған білдірген жылы лебізі үшін АҚШ Президенті Дональд Трампқа ризашылығымды айтқым келеді», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Уильям Мозер Мемлекет басшысына алғыс білдіріп, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың былтыр Америка Құрама Штаттарына жасаған сапары аясындағы екі жақты ынтымақтастықтың перспективаларын ерекше атап өтті.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Уильям Мозерді Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының басталуымен тағы да құттықтап, оның жұмысы елдеріміз арасындағы достық пен өзара сенімді одан әрі нығайтуға септігін тигізетінін айтты.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу