Президент тапсырмаларын орындау: өңірлерде интернаттар салу үшін МЖӘ тетіктері іске қосылды және жеке инвестициялар тартылды

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында спорт инфрақұрылымын дамыту және бұқаралық спортты қолдау мәселелері қаралды. Онда туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов бұл бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Сондай-ақ Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Дэвид Лория, Қазақстан су спорты түрлері федерациясының бас хатшысы, олимпиада ойындарының чемпионы Дмитрий Баландин, «Сана Спорт» отбасылық спорт орталығының құрылтайшысы Руслан Ахметов баяндама жасады.

«Спорт инфрақұрылымын дамыту және халықтың спортқа қолжетімділігін арттыру – министрліктің негізгі бағыттарының бірі. Спорттық инфрақұрылым – бұл азаматтардың дене шынықтырумен, спортпен және демалысында белсенді дене қимылымен айналысуға арналған нысандар мен үй-жайлардың жиынтығы. Оған жабық және ашық спорт нысандарының 20 түрі кіреді. Бүгінде ел бойынша 25 760 спорт ғимараты бар. Оның ішінде мемлекеттік меншікте – 23 678, жеке меншікте – 2082 объект. 1 298 нысан жөндеуді қажет етеді. Соңғы жылдары жобалау мен пайдалануда жаңа стандарттар енгізілуде. Олар нысандардың қолжетімділігін, энергия тиімділігін және әмбебаптығын арттыруға бағытталған. Қолданыстағы әдіснамаға сәйкес, халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі 1000 адамға шаққанда 80 шаршы метр спорт залы және 25 шаршы метр бассейн суы бойынша есептеледі. 2024 жылдың қорытындысы бойынша халықтың спорт инфрақұрылымына қолжетімділігі – 55,1%-ды құрады. Ең жоғары көрсеткіштер Павлодар, Жамбыл және Қарағанды облыстарында. Тұжырымдамаға сәйкес бұл көрсеткішті 2029 жылы 65%-ға жеткізу міндеті тұр. Министрлік әкімдердің спортқа жауапты орынбасарлары мен федерация басшылары үшін тиімділіктің негізгі көрсеткіштерін (KPI) енгізуде. Негізгі көрсеткіштердің бірі – спорт инфрақұрылымын дамыту деңгейі және азаматтарды бұқаралық спортқа тарту үлесі», — деді туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.

Оның айтуынша, 2025 жылдың 9 айында 35 спорт нысаны салынған. Жыл соңына дейін тағы 67 нысанның құрылысын аяқтау жоспарланған. Түркістан қаласында халықаралық деңгейдегі ескек есу арнасының құрылысы аяқталды. Бұл нысан ескек есу және академиялық ескек есу спорттарын, сондай-ақ туризмді дамытуға мүмкіндік береді. Елордада Ұлттық спорт университетінің құрылысы аяқталуға жақын. Университет тек оқу орны ғана емес, сонымен бірге көпсалалы спорт және ғылыми орталық болады. Бұл еліміздің спорт индустриясының дамуына және өңірлік әрі халықаралық ынтымақтастықтың нығаюына ықпал етеді. Нысанды пайдалануға беру 2025 жылдың желтоқсанында жоспарланған.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыс орталықтарында демеушілердің қаражаты есебінен жаңа футбол стадиондарының құрылысы және қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Қызылорда қаласында 11 мың көрерменге арналған, УЕФА талаптарына сай, заманауи жабыны бар стадион пайдалануға берілді. Астанада 3 600 орындық стадионның құрылысы жүріп жатыр. Ол 2026 жылдың бірінші тоқсанында аяқталады.

Сондай-ақ 14 жаңа стадион салу қажет. Олардың 10-ы бойынша жобалау-сметалық құжаттар дайындалуда. Ал жұмыс істеп тұрған 7 стадионды қайта жаңарту қажет. Қарағанды және Орал қалаларында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Атырау және Ақтау қалаларында жобалау құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынды. Өскемендегі стадион жобасы сараптамадан өтуде. Алматы және Жезқазған қалаларында 2 стадион бойынша жобалау құжаттарын әзірлеу қажет.

Елде 7 432 футбол алаңы бар, оның 1 420-сы жөндеуді қажет етеді. Қосымша қажеттілік – 1 694 алаң. Осыған байланысты министрлік балалар футбол алаңдарын салу жоспарын бекітті. Жергілікті бюджет пен жеке инвестициялар есебінен 685 жоба жүзеге асуда. Қазір 13 өңірде спорттағы дарынды балаларға арналған 14 облыстық мектеп-интернат жұмыс істейді. Тұжырымдамаға сәйкес қалған жеті өңірде осындай интернаттар ашу көзделген. Атырау облысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (Binom Sport) арқылы спорт интернатының құрылысы бойынша конкурстың бірінші кезеңі өтті. Шартқа қол қою 2025 жылдың желтоқсанында жоспарланған. Өңірлерге, яғни Алматы, Ұлытау, Абай облыстары, Астана және Шымкент қалаларында, осы тәжірибе негізінде спорт мектеп-интернат-колледждерін ашу үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін қарастыру ұсынылады.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен шұғылдануына жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінеді. Оралда теннис, тренажер және ойын залдарын қамтитын «Freedom Шапағат» корпоративтік қорының қаражаты есебінен спорт залы ашылды. Ақтөбеде бассейні, күрес залдары мен тренажерлері бар спорт кешені салынуда. Пайдалануға беру 2025 жылдың желтоқсанында жоспарланып отыр. Жетісу облысының Талдықорған қаласында спорт кешенін салу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленді.

Үкіметтің қолдауы арқасында Арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты тартылуда. Ақмола облысының Зеренді ауылында балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің құрылысы аяқталды. Қазіргі уақытта үш нысан салынуда. Олар – Астанадағы Мұңайтпасов атындағы стадион, Алматы облысындағы спорт кешені және Көкшетаудағы көпфункционалды кешен. Республикалық бюджет комиссиясына жалпы құны 39,2 млрд теңге болатын 6 нысан бойынша өтінім жолданды.

Ауылдық спорт инфрақұрылымын дамытуда «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры маңызды рөл атқарады. «Ауылда спорт инфрақұрылымын дамытуға жәрдемдесу» жобасы аясында 12 өңірде ангар үлгісіндегі 23 модульдік спорт залы жылдың соңына дейін салынады. «Балалар спорт залдары» жобасы бойынша 130 спорт залы салынып, қажетті құралдармен жабдықталды.

Президенттің тапсырмасына сәйкес, әкімдіктермен бірлесіп жекеменшік балаларды дамыту орталықтарының тәжірибесі барлық өңірлерге таратылуда. Қазіргі уақытта осындай төрт нысан ашылды. Олар – Қосшы қаласындағы көпфункционалды комьюнити-орталық, Павлодардағы «Alash Club»(Алаш Клаб) жеке оқу орталығы, Қарағандыдағы «Apex Education Center» (Апекс Эдюкейшн Центр), Алматыда «Оқушылар сарайы». Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен, яғни Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту, Мәдениет және ақпарат министрліктерімен бірлесіп, жеке инвестициялар мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы жобаларды кеңейту жөніндегі жол картасын бекітті.

«Бұқаралық спортты дамыту – Қазақстанның спорт саясатының басты бағыты. Халық арасында спортты насихаттау – саламатты ұлттың негізі. Бүгінде 8,4 млн адам жүйелі түрде спортпен шұғылданады.Бұл – халықтың 41,4%-ы. Мақсат – бұл көрсеткішті 2029 жылға қарай 50%-ға жеткізу. Өңірлер бойынша ең жоғары қамту Атырау, Қостанай облыстарында және Шымкент қаласында. Халық арасында ең танымал спорт түрлері – футбол, волейбол, баскетбол, сондай-ақ марафондар мен жаппай жүгіру жарыстары. Елімізде жыл сайын 25 мыңнан астам бұқаралық спорттық іс-шара өтеді. Балалар мен жасөспірімдер спортына ерекше назар аударылады. Мектептерде 53 мыңнан астам спорт секциясы жұмыс істейді, онда 1,4 млн бала қатысады. 486 мыңнан астам оқушы мектеп және мектептен тыс мекемелердегі 3 600 секцияда жаттығады. 912 балалар мен жасөспірімдер клубтарында 298 мың бала айналысады. Елімізде 406 мың спортшыны қамтитын 521 спорт мектебі жұмыс істейді. 14 облыстық және 5 республикалық мектеп-интернат-колледжде 6 500 оқушы оқиды. Биыл мемлекеттік спорттық тапсырыспен 240 мың бала 7 мыңнан астам тегін секцияға қатысуда. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 50 млрд теңге бөлінді. 2025 жылғы 1 маусымнан бастап мәдениет, оқу-ағарту және цифрландыру министрліктерімен бірге «Бірыңғай ваучер» пилоттық жобасы іске қосылды. Бұл механизм спорт, шығармашылық және қосымша білім беру салаларын біріктіреді және мемлекеттік пен жеке ұйымдарды бірыңғай цифрлық жүйеге қосады. Соңғы жылдары халық арасында дене шынықтыру мен спортты насихаттайтын жобалар қарқынды жүзеге асырылуда. Жарқын мысал – «Аулафит». Бұл жоба азаматтарға нұсқаушылардың жетекшілігімен аулалар мен алаңдарда тегін жаттығуға мүмкіндік береді. Көптеген адамдар үшін бұл тұрақты түрде спортпен айналысудың алғашқы қадамы болды», — деді министр.

Оның айтуынша қазір елде 5 625 спорт нұсқаушысы жұмыс істейді, оның 3 015-і ауылдық жерде. Олар – бұқаралық спорттың негізгі қозғаушы күші. Бірақ кей өңірлерде нұсқаушылар саны азайды: Маңғыстау – 86 адамға, Қарағанды – 77 адамға, Ақтөбе – 35 адамға. Ал Батыс Қазақстан, Түркістан және Павлодар облыстарында өсім бар. 2029 жылға қарай ауылдық жерлердегі спорт нұсқаушыларын 4 000 адамға дейін көбейту жоспарлануда. Бұл тұрғындарды кеңінен қамтуға және спортты барлығына қолжетімді етуге мүмкіндік береді. «Қолжетімді спорт» жобасы – скандинавиялық таяқпен серуендеу, жүгіру, гимнастика, йога, фитнес, стритворкаут, шаңғы, үстел теннисі және басқа да бағыттарды қамтиды. Бұл жоба Тұжырымдамада көзделген және барлық өңірлерде іске қосылуы тиіс. Алайда әзірге ешбір өңір оны бастамаған.

Сондай-ақ спорт саласын цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы пилоттық режимде «Дене шынықтыру және спорттың цифрлық платформасы» жүйесінің 3 модулі іске қосылды. Олар – спортшылар, жаттықтырушылар мен төрешілердің паспорты, спорттық-бұқаралық іс-шаралардың электрондық күнтізбесі, спорт ғимараттарының тізілімі. Қазір жүйе тестілеуден өтуде. 85 федерация мен 50 ұйым жүйеде жұмыс істейді. Екінші кезеңде қосымша модульдер әзірленуде. Олар – жарыс хаттамаларын электронды жүргізу, статистикалық деректерді қалыптастыру және есепке алу, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және проактивті форматқа көшіру. Жүйені толық енгізу 2026 жылға жоспарланған. Министрлік спорт инфрақұрылымын дамыту және бұқаралық спортты қолдау бойынша жүйелі шаралар қабылдауда.

#Спорт

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу